«Хабар» Агенттігі мен Еуразия ұлттық университеті әріптестікті нығайтады

«Хабар» Агенттігі мен Еуразия Ұлттық университеті әріптестікті нығайтпақ. Бүгін тараптар жаңа меморандумға қол қойды. Бұл болашақ журналистердің кәсіби тұрғыда дамуына оң серпін берер бастама. Өйткені оның аясында университет студенттеріне Агенттік арналарының бірінде төл туындыларын ұсынуға мүмкіндік беріледі.

Болашақ журналистердің көкейінде сұрақ көп. Сондықтан болар бәрі де "Хабар" Агенттігінің басқарма төрағасы Берік Уәлиұлымен кездесуге асыққан. Еркін ойлы жастар салаға қатысты ғана емес, саясат, тұлғалық даму, адамгершілік хақында да сауалдарын жаудырды. Негізі мұндай кездесулер студенттер үшін таңсық емес. Жылдар бойы "Хабардың" майталмандары болашақ әріптестеріне дәріс оқып келеді.

Серікзат Дүйсенғазы, ЕҰУ Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі:

- Факультетімізде "Хабар" арнасының дәрісханасы бар. Соның ішінде онкүндіктер, апталықтар, жеке дәрістер, жеке шеберлік сыныптары өтіп тұратын. Ең мықты мамандар студенттеріміздің алдына келіп, өздерінің тәжірибелерімен бөліскен болатын. Ол өте қажет. Себебі журналистика деген саланың өзі көбінесе қолданбалы сала. Практикалық жағы басым болу керек.

Бүгін университеттегі журналистика және саясаттану факультетіне - 12 жыл. Осы орайда білікті тілшілерді түлеткен оқу орны заманауи техникамен толықты. Берік Уәлиұлы болашақ әріптестеріне, демеушілердің көмегімен алынған, толық жабдықты фотокамераны тарту етті. 

Берік Уәли, "Хабар" Агенттігі" АҚ Басқарма төрағасы:

- Біз алдағы уақытта "Хабар" агенттігі осы ЕҰУ студенттеріне арнап, үш телеарнамыздың бірінен 10 минут уақыт бөліп отырмыз. Бұл он минуттың ішіне ЕҰУ студенттері теория жүзінде жинаған білімдерін, практика жүзінде көрсетіп, жасаған өнімдерін біздің телеарнадан халыққа таратуға мүмкіндік алады.

«Хабар» Агенттігі мен ЕҰУ байланыстың жаңа кезеңіне аяқ басты. Тараптар кезекті меморандумға қол қойды. Оның негізінде халық игілігіне жарар ортақ жобалар жүзеге асырылады.

Мерей Мұратханқызы, Артур Горшников

Сондай-ақ...