Абай облысынан ерте қола дәуірінің ескерткіштері табылды

Еуразия ұлттық университетінің археологтары Абай облысының Абай ауданынан ерте қола дәуірінің ескерткіштерін тапты.

«Шыңғыстау» экспедициясының мүшелері «Семей-Қарауыл» тас жолы бойынан 3500 жыл бұрынғы қорымдарды анықтады. Мамыр айынан бері жүргізілген зерттеулер нәтижесінде ғалымдар тұрмыстық заттар мен тастағы жазуларды кездестірген.

Археологтардың айтуынша, жылқыны қоса  жерлеу дәстүрі сол заманда да болған. «Орда ескерткіші» деген атау берілген қорым Жидебайға баратын күре жолдың бойында тұр. Мұнда шамамен 200-ге тарта ескерткіш бар. Болашақта жол жиегінде аспан асты музейін ашуға болады» дейді археологтар.

Ұлан Үмітқалиев, археолог:

- Бұл ескерткіштердің бір ғажабы, бұл жерде ерте қола дәуірінің жерлеу ескерткіштері, қоныстары, тастағы петроглифтердің барлығын тауып тізімге алып, төлқұжаттарын жасаудамыз. Болашақта бұл ескерткішті зерттейтін болса, осыдан 35 ғасыр бұрынғы тарихи жәдігерлер ашылады деп ойлаймын.