ЕҰУ-де болашақ журналистерге шеберлік сабағы өтіп жатыр

Бұқаралық ақпарат құралдары саласының өкілдері болашақ журналистерге шеберлік сабағын өткізіп жатыр. Шара Еуразия Ұлттық университеті мен «Хабар» Агенттігі» арасындағы меморандум аясында қолға алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, бүгін «Еларна» телеарнасының бас продюсері Әділ Сейфуллин «Үгіт-насихат пен журналистиканың айырмашылығы» тақырыбында студенттермен әңгімелесті. Жастар кәсіби маманнан көкейдегі сауалдарына жауап алды. Айта кеткен жөн, жоғары оқу орны қабырғасындағы шеберлік сағаттары жыл соңына дейін жалғасады.

Серікзат Дүйсенғазы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының доценті:

– Қазақтың белгілі журналистері, газет, радио, телеарна саласының тілшілері бізге келіп, өздерінің тәжірибелерін өткізіп жатыр. Мысалы, Жанболат Аупбаев, Сауытбек Әбдірахманов, Махат Садықов басқа да осындай белгілі мамандар келіп, жастарымыздың білім деңгейін сынап жатыр.

Малика Тоқтарбекова, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ 1 курс студенті:

– Бүгінгі шеберлік класының студенттерге берер пайдасы зор болды. Өзім көптеген жаңа ақпараттармен таныстым. Көптеген телеарналардың айналасында жұмыс істеуге болатындығын және студенттерге деген жаңа жобаларды ұсынып, сол жерде тәжірибеден өтуге болатындығын осындай мүмкіндік беріп отыр бізге.