Күрт континентті, жазы құрғақ, қысы суық, қарлы. Иә, бірер жыл бұрын Елорданың климатын дәл осылай сипаттайтын ек. Алайда қазір қаладағы қарқынды жел жылдамдығы азайды, қысы жұмсарған, деп хабарлайды «Хабар 24». Қарлы боран, шаңды дауыл сынды қауіпті құбылыстардың сирегеніне көпшілік куә. - Бұрынғыға қарағанда, суық азайып келе жатқан сияқты көрінеді бізге. Қазір бұрынғыдай аяз жоқ. - Бұл бір-екі күндік қана жылылық қой. Одан кейін қайта суытады. Мен мысалы таңертең жұмысқа шыққанда, ветровка киіп шығамын. Қатты жылып келе жатыр деп айта алмаймын. - Бұрынғы жылдарға қарағанда, қазіргі ауа райы ыстығырақ. Күн қатты сезіледі. Қазгидромет мамандарының есебінше, қалада жаз мезгілінде 25 градустан жоғары ауа температурасы көп тіркеледі. Нұрлан Абаев, «Қазгидромет» РМК Ғылыми-зерттеу орталығының директоры: - Жылы мерзімде вегетациялық кезеңнің ұзаруы, яғни қала аумағында жасыл аймақтардың ұзақ мерзімге дейін қала тұрғындарын, яғни бізді өсімдіктердің көп өсуімен, осы вегетациялық кезеңнің ұзақтығымен де тиімді жағы деп қарастырсақ болады. 2021 жыл Қазақстандағы ең жылы бес жылдыққа кіргенін білесіз бе? Мамандар бұл көрсеткіштің аномалиялық өзгерістер алдындағы орташа жылдық температурадан 1 жарым градусқа артық екенін айтады. Соңғы 35 жылда Қазақстанда гидрологиялық құбылыстар да жиілеген. «Қазгидромет» мәліметінше, су тасқыны қаупі орта есеппен 42 оқиғаға көбейді. Серік Сайыров, «Қазгидромет» РМК бас директорының орынбасары: - Ауа температурасының орташа мәндері көтеріліп қана қоймай, мысалы бізде жаз мергіліндегі аптап ыстықтың қайталанушылығы артып келеді. Сонымен қатар құрғақ аймақтарда жаңбырсыз кезеңнің максималды ұзақтығы артуда. Тәуліктік жауын-шашынның түсу жиіліктері де айтарлықтай артып келеді. Сөздің басын Елордадан бастадық қой. Мамандар қала сыртындағы жасыл белдеудің қолайды климатқа жақсы әсер етіп жатқанын айтады. 15000 гектар аумақта 12 млн ағаш өсіп тұр. Осы қалқанның арқасында жел екпіні анағұрлым бәсеңдеген. Мемлекет басшысы соңғы жолдауында орман алқабында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызылуы керек деді. Тапсырма сәтті жүзеге асса, елдегі экожүйе реттелетіні анық. Мерей Мұратханқызы, тілші: - Алайда АҚШ университетінің ғалымдары Орталық Азиядағы шөлді аумақтардың кеңейіп жатқанын анықтады. Дәл осы аймақтарда су мәселесі өзекті. Қазақстанның айналасында да мұхит жоқ. Мамандардың айтуынша, дәл осы мәселе жеріміздің жедел ысуына алып келіп жатыр. Демек климаттағы өзгерістерге бейжай қарауға болмайды. Жүйелі жұмыс қажет. Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ерлан Наурызбаев