Қытай Қазақстанмен арадағы шекарада карантиндік шектеулерді жеңілдетпейді

Қытай Қазақстанмен арадағы шекарада карантиндік шектеулерді жазға дейін жеңілдетпейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы көрші елдің сыртқы істер министрлігі ресми түрде мәлімдеді.

Қазір екі ел арасындағы «Нұр-Жолы» өткізу бекетіндегі электронды кезекте 8 мыңнан астам жүк көлігі тұрған көрінеді.

Қыс пен көктем мезгілінде Қытаймен шекарадағы өткізу бекетінде карантиндік шектеу талаптары сақталады. Қытайдың сыртқы істер министрлігі біздің елдің сыртқы істер министрлігіне осындай ресми хат жолдады. Яғни екі ел арасында тауар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлердің ұзын-сонар кезек күтуден басқа амалы жоқ. Қазірдің өзінде олардың қызметіне шағым көбейген. Себебі күткен зат межелі уақытта келмей жатыр. Бүгінде «Нұр-Жолы» өткізу бекетіндегі электронды кезекте 8 мыңнан астам жүк көлігі тұр. Оның 600 дейіне тауар тиелген. Мамандардың айтуынша, өткізу бекетінде әрбір жүк көлігін дезинфекциялап, термиялық өңдеуге 1 жарым сағат кетеді. Вагон немесе контейнерге 2-6 сағат жұмсалады. Сыртқы сауда палатасының мәліметіне қарағанда тауарды кеш жеткізгені үшін жүк тасымалымен айналысатын компанияның үстінен 6 мыңдай шағым түскен. Айта кетейік, Қытай тарабы шекарадан қаптағы бидайды кргізуге тыйым салмақ.

РЕСЕЙЛІКТЕР АСТЫҚТЫ КОНТЕЙНЕРМЕН ТАСЫП ЖАТЫР

Дәл осындай тыйым ресейлік кәсіпкерлер үшін де енгізілген. Қаптағы астық Қытайға кіргізілмейді. Мұндай шешім карантиндік шектеулер аясында қабылданған. Яғни тауарға адам қатынасын азайту үшін үлкен контейнерге тиелуі тиіс. Соған байланысты ресейлік кәсіпкелер астықты контейнермен тасуға мәжбүр. Ал оған шамасы жетпегендер балама жолдарды таңдаған. Яғни тауарын су айлақтарына жеткізіп, порт арқылы экспорттап жатыр. Ресейдің федералды жүк компаниясының мәліметтеріне қарағанда желтоқсанда ел ішінде 15 мың тонна астық тасымалданды. Бұл алдыңғы жылға көрсеткіштен 2,3 есе көп.

КҮМІС БАҒАСЫ 12% ҚЫМБАТТАДЫ

Әлемдік нарықта күміс қымбаттады. Оның бір тройск унциясы 30 АҚШ долларынан асқан. Бұл 2013 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Сарапшылардың айтуынша, бағаның бірден шарықтауына трэйдерлердің әрекеті себеп болды. Wall street bets тобына кіретін инвесторлар әлеуметтік желіде келісіп алып, күміс сатып алуға жаппай кіріседі. Осылайша, нарықта құнды металдың сұранысын арттырып, бағасын көтереді. Бұған дейін олар Game Stop, AMC сынды бірнеше компанияның акцияларын осы тәсіл арқылы көтеріп, тәжірибе жасап, пайда тапқан. Бұл жолы күмісті нысанаға алып тұр. «Негізі нарықта күмістің қымбаттауына айтарлықтай негіз жоқ», - дейді мамандар. Ал алтынның бағасы бүгін Азия нарығында 0,28 процентке арзандады. Комекс биржасында оның тройск унциясы мың 858 долларға саудаланған.

ТҰРМЫСТЫҚ ТЕХНИКА ҚЫМБАТТАУЫ МҮМКІН

Алдағы күндері Ресейде тұрмыстық техника, аяқ-киім және жиһаз қымбаттауы мүмкін. Оған теңіз арқылы жүк тасымалдау құнының көтерілуі әсер еткен. «INFOLine-Аналитика» орталығы мамандарының болжамы бойынша, көлемі үлкен тұрмыстық техника мен жиһаздың құны 10-15 процентке көтеріледі. Көктемгі маусымға арналған аяқ киімдер де жылдағы бағадан 10-20 процентке қымбат келіп жатқан көрінеді. Оның үстіне 2020 жылдың соңында бір контейнерді тасу құны мың жарым доллардан 9 мың долларға көтерілген. Сарапшылардың есебінше, бір контейнерге шамамен 60-70 дана тоңазытқыш сыяды. Енді тасымал құнына қосылған соманы осы санға бөлсек әр тауар шамамен 100 долларға қымбаттауы мүмкін. Бұл түптеп келгенде тұтынушылардың қалтасынан шығады.

БІР ЖЫЛДА АЗЫҚ ТҮЛІК 11,4% ҚЫМБАТТАДЫ

Қазақстанда жылдық инфляция 7,4 процент болды. Қаңтарды ғана алсақ, 0,6 процент. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы жариялады. Мәліметке қарағанда былтырдан бері елде азық-түлік 11 жарым процентке қымбаттады. Дүкен сөрелерінде күнбағыс және сары май, ірімшік, қант пен ұннның кұны көтерілген. Әсіресе көкөніс пен жұмыртқа шарықтағаны байқалады. Өткен жылмен салыстырғанда алғашқысының құны 8 соңғысы 7 процентке өскен. Ал тауық еті мен күріш керісінше арзандапты. Азық-түлік емес тауарлардың ішінде құрылыс материалдары, мата, киім-кешек пен аяқкиім бағасы біраз көтерілген. Жыл басталғалы автокөлік бағасы да 1,1 процентке өсті.

ДЕПОЗИТТЕРДІҢ ШЕКТІ МӨЛШЕРЛЕМЕСІ БЕКІТІЛДІ

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры наурыз айында депозиттерге қосылатын шекті мөлшерлемені бекітті. Мәліметтерге қарағанда қысқа мерзімді салымдар мен шұғыл депозиттердің ставкасы өзгеріссіз қалды. Мамандар оны базалық мөлшерлеменің сақталуымен байланыстырады. Ал толықтыруға болатын жинақ депозиттер үшін шекті мөлшерлеме 11 жарым проценттен 11,3 процентке төмендеді. Сондай-ақ толықтыруға болмайтын жинақ депзиттердің мөлшерлемесі де 2 процентке азайды.

Енді валюта бағамына тоқталсақ, Ұлттық банк АҚШ тың бір долларын 424 теңге 16 тиынға бағалады. Еуро 512 теңге 89 тиын. Ал ресей рублі 5 теңге 62 тиын деп белгіленген.