Елде енді жұмысқа тұру үшін ЖОО-ның дипломы қажет болмай қалуы мүмкін

Елде жұмысқа орналасу үшін ЖОО-ның дипломы қажет болмай қалуы мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі оны кәсіптік біліктілікті растайтын сертификатпен алмастыруды ұсынып отыр.

Бүгінде тиісті заң жобасы әзірленіп қойған. Жаңашылдыққа сәйкес, белгілі бір себептермен колледж не университет тәмамдай алмаған мамандар ұлттық біліктілік сынағын тапсырады. Егер кәсіби қарымын дәлелдесе, қызметте өсуіне, жоғары жалақы алуына жол ашылады. Сондай-ақ оқу орнын бітірген түлектер де бұл сынақтан өтуге міндетті болады. Ведомство өкілдерінің айтуынша, осы арқылы еңбек нарығын дипломы бар, бірақ біліксіз кадрлардан қорғай аламыз. Ал экономист Мақсат Халық «Ұлттық біліктілік жүйесі елдегі ахуалды оңалтып қана қоймай, шеттен тек кәсіби құзыреті жоғары мамандарды тартуға септеседі» деген пікірде.

Мақсат Халық, экономист:

– Ұлттық біліктілік жүйесін енгізу қажет. Ол шетелдік тәжірибеде бар. Біз де шеттен келген мигранттарға осындай талап қойғанымыз дұрыс. Сол кезде сырттан тек білікті мамандарды тарта аламыз. Қазақстанға кім көрінген жұмыс іздеп келмеуі тиіс. Қазір дипломнан гөрі сертификат маңыздырақ деген ұғым еңбек нарығында қалыптаса бастады. Сондықтан тек дипломы барлар ғана жұмысқа тұра алады деген пікір келешекте маңызын жоғалтуы мүмкін. Кез келген адам мықты маман екенін осы сынақ арқылы дәлелдесе, бұл – құптарлық дүние. Өйткені арамызда дипломды сатып алғандар бар. Сайып келгенде, бұл жұмыстың сапасына және жалпы еңбек өнімділігіне кері әсер етеді.

ТУРИЗМ ТҮЛЕЙДІ

Маңғыстау облысында алдағы бес жылда 13 туристік жоба жүзеге асырылады. Бұл мақсатқа қазынадан 300 млрд теңге қаржы  бөлінбек. Әкімдік өкілдерінің хабарлауынша, өңірді дамыту жұмыстарына  жергілікті кәсіпкерлер жұмылдырылады. Жоспарланған 13 туристік жобаның 8-і солардың еншісінде. Аймақта әсіресе қонақ үй бизнесін өрістетуге екпін беріліп отыр. Себебі өңірге саяхаттап келетіндер қатары жыл санап артып келеді. Шектеулерге қарамастан биыл туристер ағыны 3 есе көп болған, 139 мың адам. Ал былтыр аймаққа аяқ басқандар саны небары 45 мыңды құраған еді.

ҚАЗАҚСТАН АҚШ-ҚА ТІКЕЛЕЙ ӘУЕ РЕЙСТЕРІН АШАДЫ

Тиісті құжатты Мәжіліс бірауыздан қолдады. Қос ел «Ашық аспан» келісіміне 2019 жылдың соңында  қол қойған болатын. Алайда пандемияға байланысты бұл іс кейінге қалып қойды. Бұл біздің ел үшін авиация саласындағы ең ірі әрі тарихи жетістік екенін айта кетейік. Енді отандық әуекомпаниялар Қазақстанның кез келген қаласынан АҚШ-қа шектеусіз жолаушы тасымалдап, жүк жеткізе алады. Ресми деректерге сүйенсек, пандемияға дейін Қазақстаннан АҚШ-қа 164 мыңнан аса адам ұшқан. 

АЛЫСҚА АПАРАТЫН ҰШАҚ АЛАДЫ

Дегенмен Қазақстаннан Америкаға жету оңай емес. Арада ұзақ жол жатыр. Ұшақтар оны еркін еңсере алатындай болуға тиіс, деді министр. Қазақстан бұған дейін АҚШ-тан  алыс қашықтыққа арналған Боинг 787 типтегі ұшақтарды лизингке алу жөнінде  келіссөз бастағанын еске сала кетейік. Алайда әлемдегі ахуалдан сол күйі аяқсыз қалды. Енді «Ашық аспан» режимі іске қосылса, келер жылдың ақпан-наурыз айында қайта кірісеміз, деді ведомсвто басшысы.

Айта кетейік, мұндай алып әуе кемелерін алуға мемлекетен бір тиын да жұмсалмайды. Ақшаны отандық әке компаниялары шығарады.