Еліміз Еуропаға транзиттік бағытты арттырмақ

Бұл туралы стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік  төрағасы Әсет Ерғалиев мәлімдеді. Оның сөзінше, алдағы 3 жылда ел аумағында жаңа құрлықтық дәліздер салу үшін 20 млрд долларға жуық инвестиция салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұның берері не? Тақырыпты экономика жаңалықтарының шолушысы Мерей Мұратханқызы сабақтайды.

Әсет Ерғалиев Брюссельде өтіп жатқан «Еуропалық даму күндері» форумында Еуропалық комиссияға осыны ұсынды. Бұл өте маңызды. Себебі логистикалық қиындыққа тап болған экспорттаушылар көп.

Өндірістік өнеркәсіпте мәселе көп. Жыл басынан бері тау-кен өндірісі саласында көрсетілген қызмет үлесі шамамен 19 процентке өсті. Бүгінде  алтын қоры бойынша әлемде 12-ші орында тұрмыз. 400 мың тоннасын игеру қажет. Алайда мамандар елдегі түсті-металдар қоры алдағы 15-20 жылда таусылуы мүмкін дейді. Өйткені әзірге геологиялық барлау жұмыстары кенжелеп тұр. Әзірге деуіміздің жөні бар. Президент барлау жұмысын жетілдіруді тапсырды. Пәрменді орындар дәрмен болса, жағдай реттелуі мүмкін. Бұл үшін арнайы агенттік құрылмақ. Өкінішке қарай, егемендік жылдары бірде-бір жаңа кен орны ашылмаған екен. Республикалық тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындары қауымдастығы атқарушы директорының бірінші орынбасары Төлеген Мұқановтың айтуынша, жер қойнауын геологиялық тұрғыда зерттеуге бөлінетін қаражат тым аз. Мысалы өзге мемлекеттерде салаға ЖІӨ-нің 3 проценті жұмсалады. 230 мың адамды жұмыспен қамтып отырған салада тағы бір түйткіл бар. Ол логистика мәселесі.

Төлеген Мұқанов, Республикалық тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындары қауымдастығы атқарушы директорының бірінші орынбасары:

- Біз осы қиын кезеңнің өзінде, пандемия кезінде, былтыр да, биыл да өнеркәсіптің өнімін азайтқан жоқпыз. Бірақ қазір логистика проблемасы туып отыр. Бұрын біз Россия арқылы жіберетінбіз. Анау Қиыр шығыс арқылы, Қара теңіз арқылы, Прибалтика арқылы жабылды. Бір жолы Ақтау порты арқылы. Олар үлгермейді. Қытай арқылы жіберудің проблемалары көп. Мысалы қазірдің өзі мыңдаған вагондар тұр. Сондықтан қазіргі кезде ең басты мәселе осы өнімдерді экспортқа шығару. 

ЕЛІМІЗДЕГІ КӨМІР ЭКСПОРТЫНДА КЕДЕРГІ БАР

Еліміздегі көмір өндірушілер де тасымал мәселесіне тап болған. Еуропаға қатты отынды жеткізу үшін Ақтау мен Құрық порттарын пайдалану маңызды. Бірақ, бұл бағытта экспортты еселеу мүмкін болмай тұр. Өкінішке қарай, оның қуаты келіп түскен тапсырысты толық өтеуге жетпейді. Ал жаһандық нарықта қазақстандық көмірге сұраныс артуда. Латвия мен Балтық порттарында да осындай кедергі бар. Соның салдарынан былтыр көмір өндірушілердің ауқымды жоспары орындалмай қалған. Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовецтің айтуынша, Ақтау мен Құрық порттарының өткізу мүмкіндігін арттыру керек. Тіпті, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия арқылы да тасымал жасаудың амалын қарастыру маңызды. Әйтпесе, Еуропа Ресей арқылы өтетін тауарды импорттауды шектеуі мүмкін. Жаңа санкция салынар болса, біздің елден шығатын көмір, межелі жерге жетпестен, түгел тәркіленеді.

Николай Радостовец, Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының атқарушы директоры:

- Біз бір жылда 111 млн тонна көмір өндіреміз. Оның 70 млн тоннасы ішкі нарыққа жұмсалады. Қалғанын экспорттау қажет. Бұған кедергі көп. Мысалы, елде жекеменшік жүк тасымалы нарығын жетілдіру керек. Бәсеке жоқ болғасын, сапа да бұзылып жатыр. Вагондар жетіспейді. Біз оларды арзан бағаға жалдай алмаймыз. Салдарынан жылыту маусымы басталғанда, ел ішінде көмір жеткізу қиындап кетеді.

Алғашқы тоқсанда елде 12,5 млн тоннаға жуық көмір экспортталды. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 23 процентке көп. Бұған Еуропа тарапынан сұраныстың артуы себеп. Мұндағы импорт үлесі 74 процентке артқан. Жіктер болсам, Швейцарияға 2 млн 900 мың тоннасы жөнелтілді. Польша 525 540 тонна көмір алған. Болгарияға 56 мың тоннасын экспорттадық.

Сондай-ақ Кипр, Бельгия, Румыния, Латвия сынды жаңа бағыттар да тіркелді. Сұраныстың артуына газдың қымбаттауы түрткі болған. Мамандар көгілдір отынның жыл соңына дейін қымбаттай түсетінін болжауда. Демек, қазақстандық көмір экспортындағы кедергілерді жою қажет.

ЕУРОПАҒА КӨМІР ЭКСПОРТЫ 74% АРТТЫ

Швейцария - 1 290 мың тоннадан 2 905 мың тоннаға;

Польша - 4 320 мың тоннадан 525 540 тоннаға;

Болгария - 5 223 тоннадан 56 163 мың тоннаға;

Кипр – 161 477 тонна

Бельгия - 36 119 тонна

Лихтенштейн – 11 830 тонна

Румыния – 4 545 тонна

Латвия – 2 864 тонна.

КОНТЕЙНЕРЛІК ХАБ ҚҰРЫЛАДЫ

Логистика мәселесі шешілетін сияқты. Тек араға қаржы мен уақыт салу керек. Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік төрағасы Әсет Ерғалиевтің айтуынша, біздегі сыртқы сауданың 30% - ке жуығы Еуропалық одақ елдеріне тиесілі. Оның сөзінше, еліміз Орталық Азиядағы ең дамыған және тартымды көпвекторлы көлік жүйесіне ие. Жуырда Қазақстан, Грузия, Әзербайжан және Түркия «Орта дәлізді» дамыту туралы төрт жақты мәлімдемеге қол қойған. Ол арқылы дәліз бойында орналасқан мемлекеттердің ынтымақтастығын нығайтып, транзиттік әлеуетін арттыру көзделеді. Ал Ақтау порты базасында "Орта дәліз" бағыты бойынша жүк ағындарын арттыру үшін әлемдік жетекші операторлар шақырылады. Осылайша контейнерлік хаб құру жоспарланған. Ал жеткізу тізбектерін басқару үшін көлік дәлізінің цифрлық инфрақұрылымы құрылады. Әсет Ерғалиев «мұның бәрі Транскаспий дәлізіне Қазақстанның негізгі тауар ағындары қалыптасқан Транссібір маршруты мен Балтық порттарына қосымша болуға, сондай - ақ Азия мен Еуропа арасындағы сауда, іскерлік және логистикалық байланыстарды кеңейту есебінен өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне өтуге мүмкіндік береді» дейді.

Сондай-ақ...