Елімізде БЖЗҚ комиссиясы төмендетілді

Қазақстанда БЖЗҚ салымшыларының комиссиялық сыйақысы төмендеді.

«Қазақстан Ұлттық банкінің бастамасымен салымшылардың мүддесі үшін БЖЗҚ комиссиясын төмендету мақсатында Мемлекет басшысының 2021 жылғы 2 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қол қойған Қазақстан Республикасының Заңы аясында тиісті түзетулер енгізілді», - делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Бұл өзгерістер салымшылар өз зейнетақы жинақтарының бір бөлігін басқаруға аудара алатын БЖЗҚ, Қазақстан Ұлттық банкі және инвестициялық портфельді басқарушылар арасындағы комиссиялық сыйақыны бөлуді, сондай-ақ оның шекті мөлшерлер деңгейінің төмендеуін көздейді.

«Қабылданған түзетулерге сәйкес БЖЗҚ үшін тек зейнетақы активтерінен комиссия құрылады. Сонымен бірге көрсетілген комиссиялық сыйақының шекті мөлшері 60%-ке – зейнетақы активтерінен айына 0,025%-тен 0,01%-ке дейін төмендетілді.

Қазақстан Ұлттық банкі мен инвестициялық портфельді басқарушылар үшін шекті мәндерді белгілей отырып, инвестициялық кірістер бойынша комиссия қарастырылған. Инвестициялық кіріс бойынша нақты алынған комиссия мөлшері қайта қаралып, жыл сайын белгіленіп отырады. Сонымен бірге, Қазақстан Ұлттық банкінің ұсынысымен оның комиссиялық сыйақының шекті мөлшері инвестициялық кірістің 73% – 7,5%-тен 2,0% дейін төмендетілді», - делінген.

Егер бұрын БЖЗҚ инвестициялық кірістен комиссия алған болса, онда жаңа талаптарға сәйкес сыйақы тікелей инвестициялық портфельді басқарушыға түседі. Бұл салымшыға инвестициялық портфельді басқарушының комиссиялық сыйақысы бақылауға мүмкіндік беріп, өзіне тиімді шарттарды таңдауға жағдай жасайды.