ШҚО-да қой жүні шаруаның қорасында шіріп жатыр

Шығыстағы шаруалар қой жүніне салынатын экспорттық бажды алып тастауды сұрайды. Өнімді шекарадан асырғанда алынатын төлем түрі қой өсіретін және оның жүнін өңдеумен айналысатын кәсіп иелеріне ауыр тиіп отыр. Қазір аймақта 1 миллион 700 мыңға жуық Шопан ата тұқымы бар. Біраз жылдан бері шаруалар қой етін сатып ғана табыс табады.

Ал тері мен жүнге сұраныс мүлде жоқ. Қойдың жүні қор болып жатқанын Абай ауданындағы фабрика басшылығы да растайды. Жүнді жуып, ары қарай Қытайға экспорттаған кәсіпорын қазір банкрот болуға шақ тұр. Себебі тауарды сыртқа шығару үшін де салық төлеу керек. Шаруалар мен қой жүнін өңдейтіндер экспорттық бажды 7 жылға алып тастауды сұрап, үкіметке  хат жолдады. Шығыстағы кәсіпкерлер жуылған қой жүнінің бір бөлігін көрші Ресейге де сатады. Бірақ ол жақтың сұранысы тым аз. Сондықтан жүздеген тонна қой жүні шаруалардың қорасында шіріп жатыр.

Тасболат Битенов жүн өңдеу фабрикасының директоры:

- Өткізген өнімнің 10 процентін кедендік баж ретінде төлеу керек. Содан жүннің бағасын қытайлар түсіреді, кедендік баж төлейміз деп. Бізде де, ол жақта да, екі жақта төленеді. Соған байланысты міне 3-4 жыл болды жүн өтпей тұр.