Түркістанда Польша инвестициясына салынған жылыжай алғашқы өнімін экспорттады

Түркістан облысының Сайрам ауданында аумағы 11 гектардан асатын жылыжай кешені алғашқы өнімін экспортқа шығарды. Толықтай автоматтандырылған жүйемен жұмыс істейтін кешеннің ерекшелігі қандай? Онда көкөністің қандай түрі өсіріледі? Дайын өнімді қайда экспорттайды?

Заманауи технологиямен жасақталған алып кешен Сайрам ауданының Қарамұрт ауылында орналасқан. Аумағы 11 жарым гектар. Польшалық инвесторлардың қаржысына салынған. Мұнда қызанақтың бірнеше сорты өсіріледі. Әр көшет бір уыс топырақта өсіп-өнуде. Қарасаңыз аса бір жан қиналатындай жұмыс байқалмайды. Артық өскен сабақты қырқып жүрген жұмысшы бір арба тасып жүр. Оның жинағанын тағы бір көлік сыртқа алып шығады. Әркім өз ісін біледі, артық жүріс жоқ.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Соңғы үлгідегі нидерландтық технологиямен жабдықталған мына жылыжайдың басқа жылыжайлардан бір ерекшелігі – мұндағы өскен өнімдер күнде теріледі. Мамандардың айтуынша, әрбір түп қызанақ жылына 60 келіге дейін өнім береді екен.

Жылыжай өткен жылы ашылған. Мұндағы ауа температуасы 20-22 градустан аспайды. 157 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жылыжай кешенінің басшысы Мурат Гелашвили әр техниканың қалай жұмыс істейтінін жас мамандарға жалықпай түсіндіреді. Былтыр мамандар қиярдан 2 мың тонна, ал қызанақтан бір жарым мың тонна өнім жинаған. Биыл бір келкі қызанақ егіп, одан 4 мың тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Қазір қызанақтың әр келісін 550 теңгеден өткізуде.

Мурат Гелашвили, жылыжай кешенінің басшысы:

- 50 процентін экспортқа ресейге жіберіп жатырмыз. Қалған 50 пайызы біздің өзіміздің Қазақстанның ішіне, Алматы, Нұр-Сұлтан, Солтүстік облыстар мен Өскеменге жібереміз. Қазір жүк көліктері келді, терілген қызанақты 40 тоннасын бүгін ертең 3 көлікпен Ресейдің Барнаул қаласына жіберейін деп жатырмыз.

Сайрам ауданында жалпы аумағы 42 гектардан асатын ірілі-ұсақты 125 жылыжай жұмыс істейді. Онда қияр, қызанақ, баялды, болгар бұрышы сияқты бірнеше көкөніс түрі мен лимон ағашы өсіріледі. Сондай-ақ аулалар мен көшелерді абаттандыру мақсатында өсірілетін гүл көшеттері де жылыжайда күтіп, басталады. Айта кетейік, биыл аудандағы жылыжайдың көлемі тағы да 10 гектарға ұлғаяды.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы