Ақтау саудагерлері малды Ақтөбе мен Оралдан әкеліп сатып жатыр

Маңғыстауда мал қымбаттап кетті. Былтырғымен салыстырғанда баға 1 жарым есеге өскен. Қойдың ең арзаны 60 мыңға сатылады. Кәсіпкерлер мұны жем-шөп тапшылығымен байланыстырады. Құрбан айтты тойлауға асыққан жұрт бағаға қарамай жаппай мал сатып алып жатыр.

Анар Досалова 20 жылдан бері мал сатумен айналысады. Биылғы қуаңшылықтың саудагерлерді де айналып өтпегенін айтады. Төрт түлікті Орал мен Ақтөбеден тасымалдай бастапты. Ол жақтағы құны қымбат болғандықтан базарда да бағаны өсірген.

Анар Досаева, сатушы:

- 1 жыл болды Маңғыстаудың қойын алып сатпағанымызға. Жерде дым жоқ, арық, әлсіз. Сатуға келмейді. Сол себепті қойдың бәрі жан-жаққа кетіп жатыр. Ақтөбе, Оралға көшіп кетіп жатыр, малын сақтап қалу үшін. Ал біздің алып жатқанымыз Оралдың қойлары. Олар да қымбат келіп жатыр. Жем-шөптің қымбатшылығына байланысты. Біз мына қойды алғаннан кейін аш қалдырмауымыз керек. Алатын шөбіміз 1 тюк шөп 1700 теңге, арпа – 4 мың теңге.

Мал базарында 1 келі ет 2500 теңгеден сатылып жатыр. Былтырғымен салыстырғанда баға 15%-ке өскен. Соған қарамастан қала шетіндегі мал базарында кезек көп. Мейрам күндері мұнда 300-ден астам мал сойылады. Санитарлық талаптар қатаң сақталған. 

Нұрберген Мамытов, қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының м. а.:

- Әр пункттен шығатын малға ол жердің ветеринариялық станциялары мамандары анықтамасын беріп жібереді. Мал сою пункттерінде 1 күндік карантинде тұрады. Содан кейін визуальді қарау әдісімен қарап, союға рұқсат береді. Сосын сойылып жатқанда етінен проба алып, зертханаға жіберіледі. Үйден сатуға рұқсат жоқ. Тек мал базарында рұқсат бар. Қатаң эпидемиологиялық санитарлық талаптар сақтау керек. Барлық халықты сақтық шараларын сақтауға шақырамыз.

Қазір Ақтау қаласында 4 мал сою пункті жұмыс істеп  тұр. Мұнда сатушылар мен келушілер бетперде тағып, кіреберіске дезинфекциялық сұйықтық қойылған. 

Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев