«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы газға ауысады

«АрселорМиттал Теміртау» газға ауысады. Компания «Ақтөбе РГС» ЖШС-імен металлургия комбинатына тауарлық газ жеткізу туралы шарт жасасты. Аталған келісім Энергетика министрлігі, «ҚазТрансГаз» және «АрселорМиттал Теміртау» компаниялары арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандум аясында жүзеге асты.

Газ жеткізу көлемі жылына 300 млн текше метрден 600 млн текше метрге дейінгі аралықты құрайды. Келісімнің мерзімі кемінде 15 жыл.

Компания басшысының айтуынша, бұл бастама қоршаған ортаға тасталатын зиянды қалдықтарды азайтуға көмектеседі.

Биджу Наир, «Арселормиттал Теміртау» АҚ Бас директоры:

- Металлургия комбинатын табиғи газға ауыстырудағы басты мақсат - қоршаған ортаға зиянды шығарындылар көлемін азайту. Бұған қоса осы арқылы комбинатты батыс еуропалық өнеркәсіптік кәсіпорындар деңгейіне көтеру көзделеді. Оның «Сарыарқа» магистральді газ құбырына қосылуы экологияға да игі әсерін тигізеді. 

Айналаны ластайтын негізінен энергетикалық көмір және мазут сынды отын түрлері. Компания алдағы уақытта да осындай бірқатар жобаны жүзеге асырмақ. Бұл зиянды қалдықтар көлемін одан сайын азайтуға және экология кодексінде көрсетілген талаптарды орындауға мүмкіндік береді.

Биджу Наир, «Арселормиттал Теміртау» АҚ Бас директоры:

- Құжатта көрсетілген шарттар бойынша «АрселорМиттал Теміртау» зиянды қалдықтар мәселелесін шешумен қатар өндірісті жаңғыртуға бағытталған инвестицияны арттыруға да мүдделі. Инвестициялық келісім-шарт шеңберінде алдағы он жыл ішінде кемінде 3 млрд доллар жұмсалады. Бұл соманың басым бөлігі келісімнің алғашқы бес жылында инвестицияланбақ.

Айта кетейік, Қазақстан Үкіметі мен «АрселорМиттал Теміртау» арнайы меморандумға қол қойды. Оның аясында компания өндірісті заманауи үлгіде жаңғыртып, соған бағытталған қаржы көлемін арттыруы қажет. 

Аслан Қаженов