Шикі мұнайдың экспорттық кедендік баж салығы 52,9%-ға өсті

Мемлекеттік кірістер комитетінде Қазақстандағы салық түсімдерінің өсуіне әсер еткен негізгі факторлар аталды.

«2022 жылдың алты айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда негізгі экспорттық позицияларға бағаның , оның ішінде мұнай - 65,9%-ға, алюминий - 36,9%-ға, мырыш - 35,4%-ға, қорғасын -9,4%-ға, мыс -7,3%-ға және алтын -3,6%-ға өсуі байқалады»,- деп хабарлады ведомстводан.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, шикі мұнайдың экспорттық кедендік баж салығы 52,9%-ға өсті (2021 жылдың алты айында орташа мөлшерлеме 1 тоннаға 56,7 долларды, 2022 жылдың алты айында 1 тоннаға 86,7 долларды құрады).

Бұған дейін 2022 жылдың алты айында мемлекеттік бюджетке салық түсімдері бойынша жоспар 106,4 пайызға орындалғаны хабарланған болатын.

Жоспар бойынша салық түсімі 6 718,0 млрд теңге болса, 7 150,1 млрд теңге түскен. Яғни, 432,2 млрд теңгеге артық орындалды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 2 281,0 млрд теңгені немесе 1,5 есе көп.