Соңғы үш айда қазақстандықтар банктерден 350 млрд теңге кредит алған

Соңғы үш айда қазақстандықтар банктерден 350 млрд теңге тұтынушылық несие алған. Бұл қаржыға үй мен көлік жөндеп, тұрмыстық техника мен смартфондар иемденіпті. Кейінгі жылдары қарыз алып саяхатқа шығатындар да көбейген.

Банк саласы өкілдерінің айтуынша, әуе билеттерін де несие ретінде рәсімдеуге мәжбүр. Ал сарапшылар қазақстандықтардың қаржылық сауаттылық деңгейі жайлы не айтады? 

Қазақстандықтар осы күнге дейін банктерден 6,6 трлн теңге тұтынушылық несие алған. Бірінші тоқсанда бұл сан 6,3 трлн болса, кейінгі үш айда қарыз көлемі 350 млрд тг немесе 5,6 пайызға артқан. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының дерегіне сәйкес, азаматтар несиені көбіне тұрмыстық техника, смартфон, саяхат жасау үшін туристік пакет, әуе билеттеріне алады. Сондай-ақ тұрғын үй мен көлік жөндеу үшін заем алушылар басым. Елде қарыз көбейді ме, әлде тұрғындардың төлем қабілеті жоғарылады ма? Жалпы несие мәселесіне келгенде сауаттымыз ба? Сарапшылар бұл тұста аса жауаптылық қажет екенін айтады.

Сапарбай Жобаев, сарапшы:

- Бүтін халыққа бірден баға беру қиын, бірақ менің білуімше, ипотекалық несие дегенді қазақстандықтар өте жақсы түсініп алды. Сондықтан, бізідң қаржылық сауаттылығымыз бүгінгі күннің талабына жауап береді. Бірақ өкінішті бір нәрселер бар, мәселен, кейбір эмоцияға берілген дейміз ба, керек уақыттан сәл шыдап тұра алмастан бірден несиеге, әсіресе мынау кіші қаржылық ұйымдардан несие алуға құштарларымыз да бар.

Кіші қаржы ұйымдарының проценттік мөлшерлемесі тым жоғары. Оны бағамдай алмайтын аңғал халық та бар. Банктен қарыз алып, оны уақытылы төлей алмаған қазақстандықтардың үлесі бүгінде жалпы несие портфелінің 3,6 пайызын құрайды. 

Сапарбай Жобаев, сарапшы:

- Несие мәселесі өте бір күрделі. Мәселен, алдыңғы кездерде көшеде былай жазулы тұрушы еді: 1-2 пайыз ғана деп. Ол күніне төленетін. Сонда сен 100 мың алатын болсаң, ол бір жылда 365 пайызға шығып кетеді. Енді қаржылық жүйені реттеу агенттігі құрылғаннан кейін 56 пайызбен шектеді. Бұның өзі 2 жылда 2 еседен асып кетеді деген сөз. Ал біздің халық не ойлайды? Мен бұл қаржыны қысқа уақытта құтыламын деп ойлайды. Ал ол кезде, мәселен, ауырып қалу, жұмыссыз қалу бар, сөйтіп, алған несиесі 2-3 есе боп кеткеніне таңданып жүреді.

Ләззат Үсенбекова, ҚҚҚ тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі директоры:

- Кешіктіру көбінесе несие алушының қаржылық жағдайы төмендеген жағдайда болады. Ол көбіне жұмыстан айырылып қалу немесе бір қайғылы оқиға, немесе төтеше бір жағдаймен жұмыс жасай  алмай қалу және табыстарының тоқтатылуына байланысты.

Қаржыгерлер қауымдастығының өкілдері Қазақстан заңнамасында несие алушылардың құқықтары жоғары деңгейде қорғалғанын айтады. Банктер мен микроқаржы ұйымдары заемшының екінші немесе үшінші несие алуға жағдайы бар ма, жоқ па, соны анықтайды. Азаматтардың қаржылық қиындыққа тап болмауы заңда қарастырылған. Ал амалы таусылған азаматтардың өтініштері жеке-дара қарастырылады. Растайтын құжат арқылы несие мерзімін шегеру немесе пайызын төмендетуге мүмкіндік бар.

Ләззат Үсенбекова, ҚҚҚ тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі директоры:

- Қарыз жүктемесінің коэффициентіне енгізілген нормативтік-құқықтық актілердің сұранысы бойынша, бұл жүктеме несие алушының табысының 50 пайызынан аспау керек бір жағынан. Екінші көрсеткіш – несие алушыға өзінің күнделікті өмір сүруі үшін минималды көрсеткіш сақталып қалуы керек. Несие алған кезде жоғары жауаппен қарау керек несие алушы да заем беруші де.

БЛИЦ: 

– Есеп болмаған жерде ешнәрсе болмайды ғой жалпы. Қолдан келгенше есептейміз. Алған айлығымызды қалай жаратамыз, қалай неғыламыз, кішігірім жоспар жасап, сол бойынша әрекет жасаймыз ғой енді.

– Өзімнің ақшамды өзім үнемдеп, қайсысын қалай жұмсау керек екенін білем енді, ешқандай кәсібім жоқ, только зарплатам и все. Әркім өзінің кіріс шығысын есептеген дұрыс деп ойлаймын. кредит алмаймын,  алғым келмейді.

– Менде мысалы кредит бар, бірнеше кредитім бар бірақ зарплатадан асырып алмаймын. Соншалықты қаржылық сауатты емеспіз.

– Ай сайын кірістерімді жоспарлап, үйге өзім әрі-бері жұмсайм. Үйге алып қоямын, кредиттерім бар. Уақытылы төлеу керек, есептеп жүру керек деп есептеймін өзім.

– Қаржылық сауаттылықтың жоқтығынан. Мысалы, кредит алатын кезде өзіңнің айлығыңа қарап, шамаға қарап алуың керек. Төлей алмайтын болсаң онда алып қажеті жоқ.  

Алмақтың да салмағы бар. Экономика сарапшыларының пікірінше, несие бұл дамыған елдердегі прогрессивті үрдіс. Ертеңгі күніне сенімді, төлем қабілетіне ие азамат несиені табысқа жету үшін, ақылмен пайдаланады. Ал кейбір батыс елдерінде банк несие бермес бұрын қарыз алушыға ақшаны жөн-жосықсыз жұмсамаудың амалдарын айтып түсіндіреді. Азаматтар тиянақты жауап берген соң ғана несие құпталатын тәжірибе кеңінен қолданылады.

Рухани Асқар, Индира Оразалинова, Мұрат Әріпханов, Валентин Лобанов