Қазақстанда криптонарықты дамытуға көңіл бөліне бастады

Кей ғалымдар биткоинға «сандық мұнай» деген айдар тағып жүр. Өйткені оның климаттағы өзгерістерге әсері орасан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Криптовалютаны «Сандық алтын» дейтіндер де бар. Біздің елде де оны инвестиция ретінде қолданатындардың саны арта түсуі мүмкін. Себебі Қазақстанда криптонарықты дамытуға көңіл бөліне бастады.

Батырбек Омаров, Блокчейн технологияларды құрушылар мен қолданушылар қауымдастығының президенті:

- Қазақстанда ресейліктер көбейді. Олар рубль не доллармен емес, криптовалютамен келеді. Оны біздің нарықта сатады. Себебі оларда активті аударудың балама жолы жоқ. Уақыт өз дегенін жасап жатыр. Қазір криптовалютаны айырбастау да жолға қойылған. Демек қаржылық реттеушіге заңды дұрыстау маңызды. Осы үрдісті не шектеу керек, не нарықтың дамуына жағдай жасау керек. Бірақ Мемлекет басшысының сөзінен кейін оң өзгерістерді байқай бастадық.

Енді бизнес пен жеке тұлғаларға сандық активті инвестиция ретінде кеңінен қолдануға жағдай жасалмақ. Мұны Мәжіліс депутаттары пысықтап жатыр. Болашақта АХҚО заңнамасына майнер, майнинг пул сияқты терминдер енгізілуі мүмкін. Сондай-ақ олар биткоин өндірушілерін лицензиялау және орталық биржаларында сатылған крипто активтерді 2066 жылға дейін қосылған құн салығынан босату ұсынымдарын талқылайды.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Криптовалюта индустриясы салық түсімдерінің, жұмыс орындары мен жаңа технологиялардың қайнар көзіне айналуы тиіс. Индустрияны дамыту арқылы Қазақстан аумағында жоғары технологиялық қондырғылар мен дата орталықтарын қалыптастырамыз. Онда криптовалютамен қатар блокчейн технологиясын өндіруге болады.

Бір ескерерлігі, елде криптовалюта заңды төлем құралы емес. Бірақ мемлекет аталмыш нарықты игеруге дайын сияқты. Өйткені депутаттар майнерлердің жұмысын АХҚО аясынға ғана емес, ҚР заңнамасына сәйкес реттеуді ұсынады.

Батырбек Омаров, Блокчейн технологияларды құрушылар мен қолданушылар қауымдастығының президенті:

- Майнинг биткоин бағамына өте тәуелді. Қазіргі заңнамаға қарасақ, елдегі майнингтің дамуына шектеу қойылады. Өйткені оны өндіру емес, айналымға енгізуге көңіл бөлінуі керек. Десе де биткоинның жарты жылда 64 мыңнан 19 мың долларға дейін төмендеуі оның маңызын түсіріп жіберді. Оны өндіру бұрынғыдай кірісті емес. Табысты болу үшін жаңа машина не арзан энергия керек. Қазақстанның энергиясы қазір арзан емес.

Мәжіліс дайындап жатқан заң жобаларына сай, кез келген адамның цифрлық активті сату мен сатып алу арасындағы құны айтарлықтай алшақ болмауы тиіс. Бірақ мамандар  нарыққа үлкен дайындықпен келу керек дейді. Себебі пирамидаларға алданып, сан соғып жатқандар көбейген. Алаяқтар халықтың әлсіз тұсын біледі. Сондықтан қаржылық сауатты арттыру маңызды.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Асхат Қарағойшы