COVID-19: әлемдегі ахуал

Әлемде жаңажылдық мерекелер коронавирусты өршіте түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Сақтық керек» деп дабыл қаққан эпидемиологтардың да қаупі осы болатын. Бірнеше мемлекет карантин мерзімін ұзартуға мәжбүр.

Ұлыбританияда 1 қаңтардан кейін дертке шалдыққандар саны артпаса, азайған жоқ. Соңғы 3 күннің ішінде 50 мың адам коронавирус жұқтырып үлгерген. Осыған байланысты жоғары сынып оқушыларының қысқы демалысы тағы 2 аптаға ұзарды. Мұғалімдер мен ата-аналар төменгі сынып оқушыларының да сабағын шегеруді талап еткен. Бұған әзірге Лондондағы мектеп басшылары ғана құлақ асты.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

– Мектепке бару қауіпсіз екеніне кепілдік бере аламын. Оқу орнында вирус жұқтыру қаупі өте төмен. Мұны ғалымдар да дәлелдеді. Сабақ беретін мұғалімдерге де қорықпауға болады.

Ал Германия жалпыұлттық локдаунды созу мәселесін қызу талқылап жатыр. Негізі қазіргі шектеулер 10 қаңтарда аяқталуға тиіс. Карантин тәртібін ұзартуды елдің Денсаулық сақтау министрі Йенс Шпан құптап отыр. Түпкілікті шешімді Үкімет 5 қаңтарда қабылдайды.

Георг Троммер, жергілікті тұрғын:

– Локдаун мерзімін ұзарту экономика үшін де, халықтың денсаулығы үшін де пайдалы ғой. Бірақ енді осылай соза беру қаншалықты тиімді болады? Әсіресе мектепке бармай, үйге қамалған оқушыларға обал, олар әбден қиналып кетті, білім алып та жарытып жатқан жоқ.

Грекия көп ойланған жоқ. Карантинді 11 қаңтарға дейін бір-ақ ұзартты. Бұл елде түнгі 9-дан таңғы 5-ке дейін көшеде жүруге болмайды. Тек ауырғандарға ғана рұқсат бар. Қызмет көрсету кәсіпорындары, кітап дүкендері, шаштараздар, сұлулық салондары, көлік жөндеу орындары мен шіркеулер жұмыс істемейді. Сондай-ақ балық пен аң аулауға тыйым салынған.

Ернат Мелсұлы

Сондай-ақ...