Италиядағы мектептерде сабақ басталды

Италияда жаңа жылдық демалыстан кейін бастауыш және негізгі сынып оқушылары мектепке бара бастады.

Бірақ олар қатаң шектеулер аясында білім алады. Балалар бетперде киіп жүруге, жеке партаға отыруға және арақашықтық сақтауға міндетті. Ал жоғарғы сынып оқушылары әзірге онлайн оқиды. Үкімет шешімі бойынша олар мектепке 11 қаңтарда баруы мүмкін. Венеция сияқты кей аймақтар білім ордаларын 31 қаңтардан кейін ашуға шешім қабылдады. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, бүгін Италия бойынша 5 миллиондай оқушы сыныпқа оралған. Апенин түбегінде ковидтен 77 мыңға жуық адам қайтыс болып, 2 миллион 200 мыңнан астамы індет жұқтырған.

Алессандра Валлосио, математика мұғалімі:

- Сабақтың мектепте өткенін жақсы қабылдаймыз. Барлық тиісті талаптарды толығымен сақтаймыз. Мәселен, мұғалімдер мен оқушылар арасындағы арақашықтық 2 метрден асады. Мектептегі сабақты тоқтатпасақ, басқа қызметкерлердің жұмысқа баруын әзірге шектей тұрсақ деп ойлаймын.