Британия тәулігіне 200 мыңнан астам адамға вакцина салады

Ұлыбритания билігі бір күнде коронавирусқа қарсы вакцина қабылдайтындардың санын арттыруды көздейді.

Жоспар бойынша бүгін Біріккен корольдікте 210 мыңға дейін адам екпе қабылдауы тиіс. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкок хабарлады.

Айта кетейік, елде жаппай екпе егу бағдарламасы басталғалы 2 млн 300 мың британдық азаматқа екпе егілді. Оның 400 мыңнан астамына препараттың екінші дозасы салынды. Ал ақпанның ортасына қарай шамамен 15 млн тұрғын вакцина қабылдайтын болады.

Мэтт Хэнкок, Ұлыбритания денсаулық сақтау министрі:

- Эпидемиямен күресте вакцинация шарасы өте маңызды. Еліміз бұрынғы тыныс тіршілігіне тезірек оралса деймін. Бұл үшін екпені барынша көп адамға егуіміз керек. Діттеген мақсатқа қол жеткіземіз деп ойлаймын. Ол үшін екпе егу орталықтарын арттырамыз.