Италияда вакцина салудың екінші кезеңі басталды

Ал осы сәтте Италия дәрігерлері екпені алғаш қабылдаған адамдарды вакциналаудың екінші кезеңіне кірісті.

Қазірдің өзінде Римдегі ауруханада «Пфайзер-Байонтек» препараты жүзден астам науқасқа салынды. Осылайша Италияда екпе қабылдағандар бір миллионнан асып, Еуропада бірінші орынға шықты. Бірақ сонда да карантин әзірге күшінде. Себебі Ломбардия, Сицилия және Больцано әлі «қызыл аймақ» қатарынан шыққан жоқ. Мұндағы барлық мейрамханалар жабық. Азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттар сататын дүкендер ғана жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ 9 провинциядағы жағдай да ушығып отыр.

Франческо Вайя, жұқпалы аурулар ауруханасының директоры:

- Бірінші дозаны 27 желтоқсанда алған адамдарға екінші дозаны салып жатырмыз. Осылайша вакциналау бойынша іс жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Бірінші кезекте екпені медицина қызметкерлері мен қарттар қабылдайды.

Вакциналаудың екінші кезеңіне Испания да кірісті. Бұл елде де «Файзер-Байонтек» екпесі медицина мамандары мен қарияларға салынуда. Олар алғашқы дозаны өткен жылдың желтоқсанында қабылдаған болатын. Жергілікті Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің мәлімдеуінше, препаратты қазірдің өзінде шамамен 800 мыңдай адам ектірген. Билік жазға қарай тұрғындардың 80 процентіне вакцина салуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Испанияда соңғы бірнеше күннің өзінде 50 мыңға жуық адам ковид жұқтырған. Осыған байланысты елде коменданттық сағат енгізіліп, аймақтар арасындағы жүріс-тұрысқа шектеу қойылды.

Сондай-ақ...