Нидерландта шектеу шараларына қарсы шеру тәртіпсіздікке ұласты

Нидерландта коронавирусқа байланысты шектеу шараларына қарсы жұрт ереуіл ұйымдастырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның соңы полицейлермен қақтығысқа ұласқан. Шеру қатысушылары тәртіп сақшыларына тас жаудырып, петарда лақтырған. Ал күштік құрылым өкілдері жұртты тарату үшін таяқ пен суатқыш қолданды.

Наразылық акциялары ел астанасы Амстердам мен Эйндховен қаласында өткен. Ереуіл қатысушылары дүкендерді тонап, терезелерін сындырған. Полицейлер 200-ден аса адамды қамауға алды. Жұрттың былай ашуға мінуіне коменданттық сағаттың енгізілуі себеп. Оған сәйкес, тұрғындар кешкі 21:00-ден кейін дәлелді себептерсіз тысқа шыға алмайды. Негізі мұнда коменданттық сағат Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін алғаш рет енгізіліп отыр. Одан бөлек, елде локдаун 9 ақпанға дейін ұзартылды. Сөйтіп, азық-түлік пен ең қажетті деген тауарлар сататын дүкендер ғана жұмыс істейді. Қалған сауда нүктелері келесі айға дейін жабық болады. Мейрамханалар, мұражай, театр, сән салондары, бассейндер де жұмыс істемейді. Оқушылар мен студенттер қашықтан оқиды.

Гарри Ван Влиет, мұғалім:

- 8-9 жастағы оқушыларға шектеулерді қалай түсіндіреміз? Балалар, асықпаңдар, британдық штамм, сосын африкалық, одан кейін бразилиялық мутациялардың таралуы тоқтасын дейік бе? Түсініксіз. Белгісіздік. Билік нақты ештеңе айтпайды Алда не боларын да ұға алмадық.