Аргентинада жүздеген адам орман өртімен арпалысып жатыр

Әлем елдерін ауа райы да әбігерге түсірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аргентина қуаңшылықтан зардап шегіп отыр. Аптап ыстықтан орман өртеніп, жүздеген адам тілсіз жаумен арпалысып жатыр. Ал Мозамбикте Элоиза дауылының кесірінен ондаған мың адам баспанасыз қалды. АҚШ-тың Алабама штатында да құйын дауыл – торнадо сойқан салды. 

Аргентинаның Рионегро өңірінде тілсіз жау 6 мың гектардан аса орманды жалмап кетті. Құтқарушылар жүздеген жергілікті тұрғынды қауіпсіз жерге көшірді. Өрттің тез тарауына күшті соққан жел себеп болды. Тілсіз жаумен жүздеген өрт сөндіруші арпаласып жатыр. 

Хулио Карденас, өрт сөндіруші:

– Бізде 110 адам жұмыс істейді, бірақ оның өзі жетіспейді. Ұлттық саябақтарда істейтін өрт сөндірушілер мен қорықшыларды шақыртып, жергілікті тұрғындардан көмек сұрадық.

Аргентинада соңғы 25 жылда осындай ауқымды қуаңшылық болып көрмеген. Бұл ауыл шаруашылығы дамыған ел эконмикасына орасан зор шығын келтірді. 300 мыңдай гектар егісте дақыл қурап қалды.

Мозамбикте жойқын дауыл кесірінен 170 мыңнан астам адам зардап шекті. Толасыз жауған нөсер жауынның соңы су тасқынына уласты. Табиғи апаттан 6 адам қаза тауып, 12-сі жарақат алған. 5 мыңнан аса тұрғын үй қираған. Су тасқыны ондаған мың гектар егісті құртты.

Томсон Фири, БҰҰ азық-түлік бағдарламасының өкілі:

– Қазір Мозамбик қиын кезді бастан кешіп отыр. Бұл елде егіс негізінен қаңтардан бастап наурыз айына дейін өседі. Біздің мәліметімізше, 3 миллиондай адамға азық-түлік жетіспей жатыр.

АҚШ-тың Алабама штатында құйын дауыл соқты. Торнадодан бір адам қаза тауып, тағы жиырма кісі жарақат алды. Құйын дауыл Фултондейл қаласында үй шатырларын жұлып әкетіп, ағаштар мен автокөліктерді құлатқан. Электр желілері үзіліп, қала тұрғындарының көбі жарықсыз қалды. Синоптиктердің хабарлауынша, торнадо сағатына 150 шақырым жылдамдықпен соққан.

Тим Хирринг, жергілікті тұрғын:

– Біз бірден жуынатын бөлмеге кіріп кетіп, сонда жасырындық. Бірнеше минуттан кейін бәрі аяқталды. Сыртқа шыққанда, жұбайым шатырымызды жұлып әкеткенін айтты. Ал үйге кіргенде, қабырғаларымыз да құлағанын көрдім.

Калифония штатында соққан дауылдан кейін тауларды қар басты. Осыған байланысты жергілікті билік бірнеше күре жолды жауып, көлік жүргізушілерді сақ болуға шақырды.

Зәуреш Байгелова