Boeing 737 MAX лайнеріне Еуропада ұшуға рұқсат берілді

Boeing 737 MAX ұшақтары енді Еуропа елдерінде қайта ұшатын болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі Еуропалық агенттік рұқсат берді. Осыған дейін АҚШ, Канада, Бразилия мен Ұлыбритания билігі де тиісті шешім қабылдаған.

Айта кеткен жөн, бұл лайнерлердің ұшуына 2019 жылы тыйым салынған болатын. Оған екі әуе апаты себеп. Қайғылы оқиғалардың бірі 2018 жылдың қазанында Индонезияда, енді бірі 2019 жылдың наурызында Эфиопияда болған. Салдарынан 350-ге жуық адам көз жұмды. Тексеру нәтижесі қос апатқа да қосымша бағдарламаның ақауы себеп болғанын көрсетті. Осы ретте лайнерлер қайта сертификаттаудан өтіп, бағдарлама қауіпсіздікке әсер етпейтіндей өзгертілген. Әуе кемелерінің ұшуына тыйым салынуы салдарынан Boeing компаниясына келтірілген материалдық шығын шамамен 20 миллиард долларға бағаланып отыр.