Әлемде COVID-19-дың өзгеріске ұшыраған 300-ге тарта түрі шыққан

Вакцина коронавирустың түрлі штамына қарсы тұра ала ма? Коронавирустың жаңа штамдары эпидемияны ушықтыруы мүмкін бе? Бұл сұрақтарға француз ғалымы Жан-Франсуа Дельфресси жауап берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Профессор вакциналарды да жетілдіре беру қажет дейді.

Эпидемия ішіндегі эпидемия. Ғалымдар коронавирустың жаңа штамдарының шығуын осылай бағалады. Әлемде COVID-19 пайда болғалы оның өзгеріске ұшыраған 300-ге тарта түрі шыққан. Ең қауіптісі британиялық, оңтүстікафрикалық және бразилиялық нұсқалары екен. Себебі, осы үш штамның бастапқы вирусқа қарағанда жұғу деңгейі жоғары болып, кей елдегі эпидемиялық ахуал күрт нашарлады. Ал вакцинаның жаңа штамдарға қарсы тұра алатыны әлі толық зерттеле қоймаған.

Жан-Франсуа Дельфресси, COVID-19 бойынша Франция ғылыми кеңесінің президенті:

– Өкінішке қарай, кей мәлімет зертханада жасалған антиденелер оңтүстікафрикалық штамды жоя алмайтынын көрсетіп отыр. Дерттен емделіп шыққан адамның иммунитеті де жаңа вирус түріне қауқарсыз. Вакцинаға келетін болсақ, екпе кейбір адамда жаңа штамның бетін қайтарса, енді біріне көмегі аз болған.

Вакцинаның жаңа штамдарға ықпалы әлі де зерттелетін болады. Бірақ коронавирусқа қарсы егілу қажет. Француз ғалымы Жан-Франсуа Дельфресси өзінің вакцина салдырғанын айтады.

Жан-Франсуа Дельфресси COVID-19 бойынша Франция ғылыми кеңесінің президенті:

– Вирусқа қарсы вакцина салдырған соң пайда болған иммунитет аурудан алған қорғаныштан күшті әрі тұрақты болуы мүмкін. Сондықтан мұны әрдайым есте сақтау керек.

Француз ғалымы алда коронавирустың өзгерген қауіпті түрлері тағы пайда болуы мүмкін. Вакциналар да жетілдіріле береді. Қазірдің өзінде халықаралық зертханалар бірнеше тұмау ДНҚ-сы мен коронавирустың негізінде жан-жақты екпе жасауды зерттеп жатыр. Бірақ оны халықтың аса осал тобына ғана қолдану жоспарланған.

Авторлар: Алия Сыздыкова, Руслан Омиржан