Австралияда орман өртінен ондаған үй жанып кетті

Австралияда тағы орман өртеніп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолы елдің батысындағы жасыл-желек отқа оранған. Лаулаған жалын Суон қаласына жақындап, 30-дан астам үй күлге айналды. Өрт 7 мың гектар алқапқа дейін таралған. Өзге де елді мекендерге қауіп төне бастады. Апат аймағынан 400-ден астам адам көшірілді. Жапа шеккендер туралы ақпарат жоқ. Тілсіз жаумен 300-ден астам өрт сөндіруші күресіп жатыр. Мамандар күннің ыстығы мен желдің күшеюі жағдайды ушықтырып тұрғанын айтады.

Марк Макгован, Батыс Австралия штатының премьері:

– Ауа райы болжамына сәйкес алдағы уақытта шығыстан солтүстік-батысқа қарай тағы жел соғады. Күннің өте құбылмалы болуы өрт сөндірушілер жұмысына көп қиындық туғызып отыр.