АҚШ штаттарында қалың қардан миллиондаған тұрғын жылусыз қалды

АҚШ-тың бірнеше қаласын қытымыр қыс қыспаққа алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, елдің орталық және оңтүстік штаттарындағы жағдай мәз емес. Ауа райының қолайсыздығынан автокөлік жолдары жабылып, бірнеше әуежай уақытша жұмысын тоқтатты. Ал жарықсыз қалған халықтың наразылығы күшейіп барады. Ондай қолайсыздық Техаста тіркелген екен, өйткені штаттың жылу мен жарық беру жүйесі мұндай суыққа дайын емес болып шықты.

Талғат Алманов, тілші:

- Техас штатында жауған қалың қардың салдарынан миллиондаған тұрғындар жарық пен жылусыз қалды. Үлкен қалалардағы автомагистральдер жабылып, төтенше жағдай жарияланды. Штат аумағындағы кейбір жерлерде ауа температурасы минус 25-30 градусқа дейін түсіп, қардың қалыңдығы 50-60 см-ге дейін жеткен. Бір ғана Даллас қаласындағы аяз соңғы 72 жылда байқалмаған. «АҚШ-тың оңтүстік бөлігінде орналасқан Техас штаты үшін бұл тың құбылыс», - дейді синоптиктер.

Остин қаласының тұрғыны:

- Бұл біз үшін үйреншікті жағдай демес едім. Әдетте ақпан айында Техас жыли бастайтын. Қар жауса да еріп кететін. Кей жылдары ақпандағы ауа температурасы көтеріліп, күн ысып кететін. Алайда биыл барлығы өзгеше. Өздеріңіз де көріп тұрсыздар ғой. Ауа райының салдарынан аймақтағы барлық дүкендер жабық.

Техастағы ауа райының қолайсыздығынан 4,4 миллион адам жарық пен жылусыз отыр. Ең ауыр тиген аймақ – штаттың оңтүстік-шығысындағы Галвестон қаласы. Ондағы үйлердің 95%-і жарықтан айырылып отыр. Ал Хьюстондағы халықаралық әуежай уақытша жұмысын тоқтатты. Салдарынан мыңдаған рейс кейінге қалдырылды. Штат губернаторы Грег Эббот халыққа қажетті жарықтың тоқтатылуы сын көтермейді, болған қиындықтарды тез арада жөндеу үшін арнайы жұмыс тобын құрды.

Қазыбек Нұрым, «Болашақ» стипендиясының иегері:

- Қызық болғанда, мен өмірімде Америкада осындай суыққа бола жарық өшіп, жолдар жабылып, осы кішігірім -8 градустың өзінде бүкіл штат жабылады деп ойламаппын.

«Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тың ең үздік жоғары оқу орындарының бірі саналатын Техас Остин Университетінде ядролық физика мамандығы бойыншы біліп алатын Қазыбектің айтуынша, ауа райының қолайсыздығы оқу процесіне де әсер етпей қоймады.

Қазыбек Нұрым, «Болашақ» стипендиясының иегері:

- Қазір барлық университеттер жабылды. Менің оқып жатқан мамандығымда кейбір сабақтар онлайн болғанымен, қазір барлығы жабық. Біздің қала ғана емес, жанымыздағы бірнеше қалалар жабылды. Жарық сөндірілді. Арасында түнгі уақытта береді. Сосын қайтіп өшіреді. Әдетте бұл жерде қар жауады, бірақ тез еріп кететін. Алғашқы жауған қар солай болды. Алайда екіншісі еріген жоқ, өздеріңіз көріп отырғандай. Адамдар сырғанап көңіл көтеріп жүр.

Техастан бөлек, АҚШ-тың Алабама, Орегон, Оклахома, Канзас және Кентукки сияқты штаттарында да аязға байланысты төтенше жағдайлар жарияланды. Сондай-ақ 20 шақты қалада ауа температурасының рекордтық көрсеткіші тіркелген. Салдарынан жолдағы көлік апаттарының саны көбейіп, жиырма шақты адам қайтыс болды. АҚШ-тың ұлттық метеорология қызметі алдағы күндері аяз бен боранның жалғасатынын мәлімдеп, ауа райы болжамына қатысты ескертулерге құлақ асуға шақырды.

Авторлары: Талғат Алманов, Ринат Садыров

Сондай-ақ...