Пашинян: Арменияда төңкеріс болмайды

Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян көшеге шықты. Премьер жақтастарымен бірге Ереванның орталығында 1 сағаттан астам уақыт жүрді.

Журналистерге берген жауабында Пашинян «елдегі жағдай бақылауда, қарулы күштер халық пен үкімет басшысына бағынады» деп мәлімдеген.

Арменияда Бас штабтың басшылығы орнынан алынған соң жаңа толқу басталғаны белгілі. Пашинян әскери жетекшілерді қызметінен алу туралы жарлыққа қол қойған. Бірақ Бас штаб премьер-министрге қарсы шығып, биліктен кетуді талап еткен. Пашинян бұл мәлімдемені «мемлекеттік төңкеріс әрекеті» деп атады. Ереван көшелерінде премьерге қарсы оппозиция жақтастары жиналып жатыр. Республиканың арнаулы қызметі азаматтарды ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірген іс-әрекеттерден аулақ болуға шақырды.