Египетте табылған ежелгі сыра қайнататын орын тарихтың біраз сырын ашуы мүмкін

Сохаг провинциясында табылған ең ежелгі сыра қайнататын орын тарихтың біраз сырын ашуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Египет ежелгі заман мен туризм министрлігінің өкілдері осындай мәлімдеме жасады. Археологтар осы жаңалық арқылы Жоғарғы және Төменгі Мысырдың бірігуінің жай-жапсарын анықтамақ.

Мыңдаған жыл өтсе де, перғауын Нармер жөнінде талай аңыз айтылып келеді. Алайда жеке өзі туралы нақты тарихи дерек жоқ. Ерте патшалықтың тұңғыш әулетін құрған Нармер Жоғарғы және Төменгі Египетті біріктіп, алып державаның іргесін қалаған болатын. Ежелгі Мысырдың жыл есебі де содан басталған. Ал Сохаг провинциясындағы қазба жұмыстары кезінде табылған сыра қайнататын орынды әлемдегі тұңғыш ірі кәсіпорын деп атауға болады.

Фейруз Хашмила, археолог:

- Осыдан төрт мыңдай жыл бұрын шығарыла бастаған сыра ең ежелгі ішімдіктердің бірі саналады. Осы сусынды кім ойлап тапқаны жайлы Қытай мен Египет ұзақ уақыт таласып келді. Өйткені екі елде сыраға қатысты ежелгі артефакттар табылған. Алайда сыра қайнататын бұл орынды тапқанда өз көзімізге өзіміз сенбедік. Бұл шағын білдек емес, ірі өнеркәсіп орны. Қазіргі замандағы ондаған пабты қамти алар еді.

Алайда сол кезде сыраны көңіл көтеру үшін емес, керісінше, діни рәсімдер мен адамдарды жерлеу кезінде қолданған. Археологтар тап осы жайт ежелгі заманың көптеген сырын ашуға көмектеседі деген үмітте. Қазба жұмыстары барысында сыра сақталған қыш құмыралар мен оны қайнатқан білдектер табылды. Олардың барлығында суреттер мен жазбалар бар. Ғалымдар оны зерттеуге кірісіп кетті. Тарихшылардың айтуынша, Нармер билігі кезінде ежелгі мысырлықтар сурет жазудан иероглифке ауыса бастаған. Сондай-ақ осы перғауын Төменгі Египеттегі ірі көтерілісті басып тастаған еді. Бейбітшіл әрі дипломат Нармер неліктен жүздеген мың бүлікшіні аяусыз қырған? Мамандар құмыралардағы жазбаларды оқып, осы сауалдың жауабын таппақ.

Рами Абдель-Фалаб, археолог:

- Бұл жазбалар талай дүние ашатынына сенімдіміз. Сол кезде адамдар барлық затта, әсіресе, ыдыс бетінде жазатын. Сыра қайнататын осындай ірі орын Египеттегі бірегей кешен болғаны анық. Тиісінше, құмыралары жазулармен белгіленген. Әрине, бүлінген жерлері бар, бірақ жақсы сақталған. Енді осы жазулардың сырын ашу – біздің міндетіміз.

Бұл жобаны Египеттің ежелгі заманы және туризм министрлігі қаржыландырып отыр. Кейбір мәліметтерге қарағанда, мемлекет басшысы бұл істі жеке өзі қадағалайтын болды.

Авторлары: Светлана Брахмит, Әмір Мұрад

Сондай-ақ...