Саяхаттауға жаны құмар Германия халқы жазды асыға күтіп отыр

Немістер әлем бойынша ең көп саяхаттайтын халықтардың бірі. Қалыптасқан дәстүр бойынша олар жазда теңізі бар Грекия, Италия мен Испанияда демалғанды қалайды. Бірақ биылғы жазда коронавирус біраз елдің жоспарын бұзатын түрі бар. Өйткені шектеу көп. 

Биылғы жаз Еуропа тұрғындары үшін қалай болмақ? Ел аралап, бой сергітуге үйір жұрт қайтпек? Бұл үшін вакциналау төлқұжаттарын енгізу ұсынылды. Бастаманы әсіресе туризм саласы дамыған елдер қолдап отыр. Тіпті кейбір елдер бұл жүйені енгізіп те үлгерді. Мысалы, Грекия және Израиль екпе жасаған азаматтарына демалып, саяхатқа шығуға рұқсат берді. Берлин тұрғындары да жазды асыға күтіп жүр.

Юлиан, Берлин қаласының тұрғыны:

- Екпеге келетін болса, жеке өзім оны салдырғым келмейді. Бірақ саяхатқа шығуыма қажет болса әрине вакцина аламын. Әзірше жазғы демалысқа шығамын деп, алдын ала тапсырыс берген жоқпын. Жағдай тұрақталып, шектеулер болмайтынына көзіміз жетсін деп тұрмыз. Биыл Колумбияға немесе АҚШ-қа барғымыз келеді.

Аманда, Берлин қаласының тұрғыны:

- Саяхаттауға өте құмармын. Бірақ биыл Германияда қалып, жергілікті Макленбург шипажайына барамын. Неміс туристерінің көбі былтыр осы бағытты таңдаған еді. Табиғаты әсем, көрікті жерлері көп.

Мартин, Берлин қаласының тұрғыны:

- Шектеулер жеңілдетілгеннен кейін міндетті түрде Испанияға ұшамын. Осыны асыға күтіп отырмын. Биыл жазғы демалысым керемет өтеді деген үміттемін. 

Германияның туризм саласы былтыр орасан шығынға батты. Саяхатшылар ұнататын Бавария өңіріне туристер екі есе аз келген. Банкроттың аз-ақ алдында тұрған кәсіпкерлер алдағы жаз маусымына үлкен үміт артып отыр.

Авторлар: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский