Қытайда депутаттар Гонконгтың сайлау жүйесін реформалау туралы заң жобасын жасауды қолдады

Қытай халық өкілдері жалпыұлттық жиналысының шешімі Гонконгты отаншылдар басқарып, «бір мемлекет, екі жүйе» принципін қорғауға көмектеседі.

Қытай мемлекеттік кеңесі Премьері Ли Кэцян ел парламенті отырысынан кейін осылай деп мәлімдеді. Жиынның соңғы отырысында депутаттар Гонконгтың сайлау жүйесін реформалау туралы заң жобасын жасауды бірауыздан қолдады. Билік арнайы әкімшілік ауданда сайлаушылар алқасының саны мен құрамын жасақтау әдісін жетілдіруді көздеп отыр. Алқаны әдетте осы аудан басшысы сайлайтын. Шетелдік сарапшылар заң жобасын Ұлыбританияның Гонконгты қайтарғаннан бергі ең елеулі саяси өзгеріс деп атады. Ли Лэцян АҚШ пен Қытай арасындағы кей мәселелерге тоқталып өтті.

Ли Кэцян, ҚХР мемлекеттік кеңесінің премьері:

– Елдеріміз бір-бірінің ішкі істеріне араласпай, Қытай-Америка қарым-қатынасын дамытуға талпынады деп үміттенеміз. Бұл екі халықтың мүддесіне сай келеді әрі халықаралық қауымдастықтың да үмітін ақтайды деп сенеміз.

Ли Кэцян жұмыспен қамту, орта білім және негізгі медицина жүйесін жетілдіру мәселелеріне де тоқталды. Үкімет басшысы еңбек нарығы әлі оңала қоймағанын айтып, биыл қалаларда 14 миллион адам жұмыс іздеуге мәжбүр болатынын жеткізді.

Еске сала кетейік, Қытайда халық өкілдерінің жалпыұлттық жиналысы аяқталды. Соңғы отырыста депутаттар елдің алдағы 5 жылдықтағы саяси-экономикалық дамуы мен 2035 жылға дейінгі басты міндеттерді бекітті.