430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Израиль ауруханаларында ковид бөлімдер жабылып жатыр

  • 88
  • UPD: 14:22, 09.04.2021

Израильде коронавирусты жұқтырғандар саны азайып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауруханаларда ковид бөлімдер жабылып жатыр. Осы ретте билік елде бетперде тағып жүру тәртібін алып тастауды қарастырып жатыр.

Осыдан бірнеше күн бұрын ғана «Шиба» ауруханасында коронавирусты жұқтырғандарды қабылдайтын арнайы бөлім болған еді. Қазір палаталар қаңырап бос қалған. Емдеу мекемесінде қауіпті дертті жұқтырған соңғы екі азамат қана емделіп жатыр.

Михаил Нелюбов, жансақтау бөлімінің қызметкері:

- Індеттің алғашқы толқынында біздің бөлімге 25 адам түсті. Бұл әдеттегіден едәуір көп. Мұншама адамды бір уақытта емдеу көп қиындық туғызды.

Мына сызбадағы қызыл түс «қызыл аймақты» білдірген. Яғни, сол кезде барлық корпус коронавирусты жұқтырғандарға лық толғанын көрсетеді. Қазір елдегі жағдай тұрақталып, дәмханаларда емін-еркін әңгімелесіп отырған адамдарды көптеп көруге болады. Індетті тек бетперделер еске түсіреді.

Евгения Эрлих, «Шиба» ауруханасы әімшілігінің өкілі:

- Індеттің шарықтау кезінде жансақтау бөлімінен бөлек егде адамдар мен балаларды және жүкті әйелдерді қабылдайтын арнайы бөлімдер ашылған еді. Ауруханаға бір мезетте коронавирусты жұқтырған 130 адам түсіп, оның 20-сы ауыр халде жатқаны есімнен әлі кетпейді.

Енді мұндай палаталардың қажеті жоқ. Аурухана өзінің қалыпты жұмысына оралған. Емдеу орны ғана емес, елдегі өмір де бұрынғы арнасына түсе бастаған. Тек бетпердеден ғана індеттің ізін байқайсың. Бірақ жуық арада бұл тәртіп те алынып тасталуы мүмкін.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы