АҚШ-та мигранттар мәселесі ушықты

АҚШ-та бүгінде 45 миллионға жуық иммигрант тіркелген. Бұл жалпы халықтың 13 проценті. Ковид пандемиясы басталғалы келімсектер нөпірі азайғаны белгілі. Алайда демократ Байденнің билікке келуінен кейін кірмелер қайта көбейді. Елде мигранттар мәселесі өзекті болып тұр.

АҚШ пен Мексика арасындағы шекарада ұсталған мигранттар саны 20 жылда болмаған рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Елдің Шекара қызметінің мәліметі бойынша өткен айдың өзінде Орталық Америка елдерінен 171 мыңнан астам мигрант Құрама Штаттар аумағына өтпек болған.

Айта кетейік, АҚШ-пен шекаралас аумақта ұсталған мигранттардың мұндай нөпірі 2000 жылдың сәуір айынан бері тіркелмепті. Ол кезде шекара ашпақ болғандардың саны 180 мыңға жеткен еді. 

- Біздің елімізде көптеген адам баспаналарынан айырылды. Ешқандай дүние-мүлкі қалмады. Жұмыс табу да оңай емес. Сол себепті АҚШ-қа барып, тіршілігімізді жасағымыз келеді.

- Біз өте әдемі мемлекетте өмір сүрдік. Бірақ күн көру үшін оның әдемілігі түкке де керегі жоқ. Одан да отбасыңды асырап, ақша табуды ойлау керек. Ал АҚШ-та ондай мүмкіндік бар. Ол жерге жету оңай болмағанымен талпынып көрсек дейміз.

Құрама Штаттар аумағына өткісі келген мигранттардың дені ересектер болcа, 19 мыңы бала. Шекараны өз бетімен кесіп өтпек болған кәмелетке толмағандардың үштен екісі Гватемала, Эль-Сальвадор және Гондурас елдерінен болса, қалған бөлігі көршілес Мексикадан. Осы орайда гуманитарлық ұйымдар мен мейнстрим медиа өкілдері дабыл қағуда. Өйткені елдің имиграциялық заңы бойынша ата-анасыз қалған балалар тез арада уақытша ұстау мекемелеріне жіберіліп, қамқорлыққа алынуы тиіс. Алайда адамның көптігі соншалық ондай мекемелерде бос орын жоқтың қасы. Санитарлық жағдай мен азық-түлік те сын көтермейді дейді мамандар.

Күннен күнге ушығып бара жатқан иммиграциялық мәселеде демократтар мен республикалықтар жауапкершілікті бір-біріне жүктеуде. Президент Байден бастаған демократтар уақытша ұстау мекемелеріндегі жағдайды жақсартып, мәселені шешуге қыруар қаражат бөлуді көздеуде. Ал республикалықтар болса гуманитарлық және саяси дағдарыстың шығу себебі Президент Байден ұстанған саясаттың салдары дейді. Айтуларынша, Ақ Үй Басшысы елдің иммиграциялық саясатын мигранттар үшін тым қолайлы етуде. 

Кевин Маккарти, Өкілдер палатасының өкілі:

- Бұл біздің елдің емес, Президент Байденнің кінәсі, соның қателігі. Естеріңізде болса, ол өзінің алғашқы күнінде АҚШ-тағы 11 миллион имигрантқа азаматтық беремін деді. Сол себепті бұл Президент Байденнің дағдарысы.

Джо Байден, АҚШ Президенті:

- Шекарадағы проблемамен күресудің жалғыз жолы республикалықтар мен демократтар болып бірігіп, ортақ заң жобасын қабылдау. Миллиондаған қаражат бөліп, проблеманың шығуына үңілу керек. Не себепті адамдар өздерінің туған елін тастап АҚШ-қа көшіп жатыр. Осы сұрақтарға жауап беруіміз керек.

Сала мамандарының айтуынша, балалардың өз бетімен келуі көбіне қолдан жасалуы мүмкін. Өйткені кәмелетке толмағандардың дені шекараны жалғыз емес, ата-анасымен өтуге тырысатын көрінеді. Алайда ұсталған жағдайда шекара қызметіне ата-анасының жоқ екендігін айтып, АҚШ территориясына өтуге рұқсат алады. Өйткені ересектердің дені өз елдеріне бірден кері қайтарылса, кәмілетке толмағандар АҚШ аумағындағы уақытша ұстау мекемелеріне жіберіледі. Осылайша иммиграциялық судьялардың қарастыруымен олардың бір бөлігі АҚШ-та қалуға мүмкіндік алады. 

Авторлар: Талғат Алманов, Ринат Садыров

Сондай-ақ...