Германияда эпидемиологиялық ахуал ушығып тұр

Германияда кейінгі тәулікте коронавирусты жұқтырудың тағы да 30 мың дерегі тіркелді.

Билік бұл қазіргі шектеу шаралары көмектеспей жатқанын көрсетеді дейді. Сол үшін Бундестаг депутаттары заңға түзетулер енгізді. Енді оған президент қол қою керек. Бұрын 16 федералдық жердің басшылығы пандемиямен қалай күресетінін өздері шешетін. Алайда жаңа түзетулерге сәйкес, бүкіл ел бойынша бірыңғай ереже қабылданады. Мәселен, 100 мың адамға шаққандағы деректер саны 100-ден асса, елде коменданттық сағат енгізіледі. Індеттің таралуы одан бетер өрши берсе, мектеп оқушылары қашықтан оқитын болады. Мұражай, хайуанттар бағы мен сән салондары да қайтадан жабылады. Мамандар тұрғындардан мүмкіндігінше қарым-қатынасты шектеп, қонаққа бармауын сұрап отыр.    

Йенс Шпан, Германия денсаулық сақтау министрі:

– Қатаң шектеу шараларын қабылдауға тура келіп отыр. Өйткені басқа амал қалмады. Бұл тек біздегі жағдай емес. Бүкіл Еуропадағы ахуал осындай. Вирус жұқтыру деректері көбейген соң бірден жан сақтау бөліміндегі науқастар саны да өсті. Ауруханаларда бос орын қалмай, жағдайдың одан бетер ушыққанын күтпей, алдын ала қамдану керек. Сол үшін де шектеу шараларын қатаңдатып отырмыз.

Алайда биліктің бұл ойын құптамайтындар да бар. Мәселен, Берлинде тұрғындар наразылық акциясын ұйымдастырған. Ереуілге 8 мыңнан аса адам қатысқан. Олар биліктен шектеу шараларын алып тастауды талап еткен. Наразы топ шеруге қасақана маска тақпай шыққан.