Словакия Ресей елшілігінің үш қызметкерін елден шығарады

Бұл туралы еуропалық мемлекеттің премьер-министрі Эдуард Хегер мәлімдеді.

Оның айтуынша, ресейлік дипломаттар 7 күннің ішінде Братиславадан кетуі керек. Ресей билігі бұл шешімге наразы екенін және көп ұзамай қарымта қайтаратынын жеткізді.

Чехия Ресей елшілігінің 70 қызметкерін еліне қайтармақ. Бұл туралы осы елдің Сыртқы істер министрі мәлімдеді.

Айта кетейік, Прагадағы Ресей елшігінде 27 дипломат пен 67 техникалық қызметкер, ал Мәскеудегі Чехия елшілігінде 5 дипломат пен 19 техникалық қызметкер жұмыс істейді. Сонда чех астанасынан ресейлік 22 дипломат пен 48 техникалық қызметкер кетуі тиіс. Чехия Ресейді 2014 жылы Врбетица қаласындағы оқ-дәрі қоймасында жарылыс жасады деп айыптайды.

Якуб Кулганек, Чехияның сыртқы істер министрі:

– Біз Вена конвенциясының 11 бабын негізге ала отырып, Прагадағы Ресей елшіліндегі дипломаттарын санын Мәскеудегі елшілігіміздегі штат санымен теңестіреміз. Бұл шешім тақауда күшіне енеді. Ресей тарапына адамдарын мамырдың аяғына алып кетуге уақыт береміз.