Марста жүрген НАСА аппараты тың жаңалық ашты

Бірнеше ай Марста жүрген Персэверанс аппараты бұрын-соңды болмаған жаңалық ашты. Мокси құрылғысының көмегімен Марс атмосферасынан оттегі түзеп шықты. Мұндай жетістік енді ғарышкерлердің қатысуымен өтетін өзге планеталық миссияларға жол ашуы мүмкін. 

Адам баласы тарихта тұңғыш рет өзге планетада ауа жасады. Мұндай жетістік Наса ғарыш агенттігі құрастырған Персэверанс ((Perseverance)) зерттеу аппаратының бортындағы құрылғының арқасында іске асты. MOXIE деп аталатын әлгі аппарат Марстағы көмірқышқыл газының көмегімен 5 грамм оттегі алған. Бұл бір ғарышкердің 10 минут тыныстауына жеткілікті екен.

Стив Юрчик, NASA Басшысының міндетін атқарушы: 

- Бұл өзге планеталарды мүлдем басқаша зерттеуге жол ашты. Сондықтан біз ары қарай да дами береміз. Өткенге үңілсек, біз алғашында ұшудан бастадық. Кейін орбиталық аппаратпен арнайы миссияны іске асырдық. Содан соң Марс бетіне арнайы құрылғы жеткізілді. Енді осы тізімге өзге ғаламшарда оттегі жасау жетістігі қосылып отыр. Бұл керемет емес пе?

Американдық ғалымдардың осы аптадағы жетістіктері мұнымен бітпейді. Мамандар Марста жүрген Ingenuity тікұшағын 3 метр биіктікке көтерді. Осылайша алғаш рет өзге ғаламшардың үстімен ұшты. Енді ғалымдар келесі жолы бұл тікұшақты бес метрге дейін көтермек.

Ал американдық SpaceX ғарышкерлерді Айға жеткізетін болды. Жуырда Илон Масктың компаниясы NASA астронавтарын Жер серігіне жеткізуге қатысты келісімшартты жеңіп алған-тын. Бұл миссия 2024 жылы жүзеге асуы тиіс. Ол үшін НАСА 3 миллиард долларға жуық қаржы бөліп отыр.

Ғарышқа жасалатын әр сапарда қауіпсіздік мәселесі өте маңызды. Мұны білген ғалымдар осыған бас қатырып, арнайы радар жасап шыққан. Гольф добындай заттарды көре алатын құрылғы ғарыш кемелері мен жерсеріктер жолына кедергі келтіретін нысандарды анықтауға таптырмас құрал, дейді мамандар.