Украинада жер астында жүргізілетін саяхат танымал туризм түріне айналды

Киев қаласының астында жүзден астам кішігірім жерасты өзендері ағады және мұнда мемлекет бойынша ең ұзын және күрделі жерасты жүйесі орналасқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бес жылдан астам «диггерлік», яғни жерасты нысандарын зерттеумен айналысып жүрген Олег Шитовтың бір өзі осы уақытқа дейін 5 мыңға жуық адамды Киев қаласының жерасты әлемімен таныстырып үлгеріпті. Туризмнің бұл түрі сұранысқа иә және жастар арасында соңғы жылда сәнге айналған дейді гид. Жерасты өзендерімен танымал Киев қаласының астындағы күрделі үңгіржол жүйесі де таң қалдырмай қоймайды. Биіктігі 60 метрге дейін жететін лабиринт пен 5 шақырымнан асатын туннелдің өзі турға қатысушыларға ерекше көңіл күй сыйлайды дейді Олег. 

Олег Шитов, диггер:

- Киев жерасты өзендерімен де танымал. Алайда бұл сулардың барлығы уақыт өте келе қала құрылымына кедергі жасамас үшін шаһар астында жасырылған. Ойын алаңдары мен жаңа жолдар салынды. Ал жаңбыр жауған кезде төртбұрышты торлар арқылы жаңбыр сулары жерасты өзендеріне қосылады. Киев қаласының астында жалпы жүзге жуық жерасты өзені ағып жатыр.

Арқасы, белі, жүрегі ауыратын, артық салмағы бар сондай-ақ қараңғылық пен тар қапастан қорқатын адамдар әрі 12 жасқа дейінгі жеткіншектерге саяхаттың мұндай түріне жол жабық. Ал кезекті жерасты саяхатына қатысушы қала тұрғындары Саша мен Рита жер астына сапар оңай емес екенін айтады.

Рита, Киев қаласының тұрғыны:

- Жерасты саяхаты өте қорқынышты екен, әзірге жарыққа шығуды ойлап тұрмын, анамды көргім келеді.

Александр, Киев қаласының тұрғыны:

- Өте ерекше саяхат екен. Екіұдай сезімде тұрмын. Күнделікті өмірде көре бермейтін көріністер, өте ерекше.

Атап өту керек, қазір Киев қаласы бойынша қатаң карантин режимі қабылданған. Қоғамдық іс-шаралар уақытша тоқтатылды және халықтық қыдыруларға тыйым салынған. Алайда жиырма адамға дейін жиналатын осындай жерасты саяхаты кедергісіз ұйымдастырылуда. 5 сәуірден бастап қабылданған қатаң локдаун Киевте осы айдың аяғына дейін жалғаспақ. Мектеп оқушылары онлайн оқуда, балабақша жұмыс жасамайды. Метро мен автобус сияқты қоғамдық көлік түрлері арнайы рұқсат қағазы бар адамдарға ғана қызмет көрсетеді. Сауда орталықтары жабық, азық-түлік дүкендері ғана жұмыс жасауда. Жалпы мемлекет бойынша шартты карантин 30 маусымға дейін ұзартылды. Соңғы сағаттағы статистикаға сай Украинада тәулігіне 8 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырған, бір күнде індеттен 231 адам көз жұмды. 

Аида Қыдырбай, Петр Борейко