Израиль билігі Құдыстағы қоршауларды алып тастады

Израиль билігі Құдыстағы Ескі қала аумағына кіргізбеу үшін орнатқан қоршаулар алынды.

Рамазан айындағы бұл өзгерісті палестиналықтар қуана қарсы алды.

Қоршаулардың алынғанын үлкен жеңіске балаған мұсылмандар Палестина мемлекетінің туын да алып шыққан. Бірақ бұл Израиль әскеріне ұнамады. Сарбаздар туларды күшпен тартып алып, қолға бермей қарсыласқандарды қамауға алды. Темір шарбақтардың орнатылғанын жергілікті еврейлердің өзі қате деп бағалаған. Негізі қоршауға қарсы қақтығыстар Рамазанмен бірге 13 сәуірде басталған. Палестиналық жастар тас лақтырып, Израиль полициясы оларды аттармен және арнайы әскери көліктермен қуып, күш көрсетті. Жағдай 22 сәуірде қатты ушығып, қақтығыстардан кемінде 100 адам жараланып, 50-ден астам ереуілші қамалды.

Хуссам Әбу Ейше, палестиналық театр актері:

– Полицияның осындай шешімге келгеніне ризамын. Себебі біз ауызашардан кейін отбасымызбен көшеге шығып, осы жерге келіп, түрлі ғибратты әңгімелер айтып, отырғымыз келеді. Сосын бейбіт түрде үйімізге қайтамыз. Біз Рамазан айын осылай мағыналы өткізгіміз келеді.