Қырғызстанда шекарадағы қақтығыстан бір адам қайтыс болды

Қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыстан зардап шеккендер саны 16 адамға жетті.

Қырғызстанның Баткен облыстық ауруханасына оқ тиіп, жарақат алған 7 кісі түсті.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, жарақат алғандардың 1-уі қайтыс болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Баткен ауданының Көк-Таш ауылының тұрғындары тәжік сарбаздарынан су тарататын бекетте орнатылған видеобақылау камерасын алып тастауды талап еткен. Бірақ екі жақ тіл табыса алмай, бір-бірін тілдеп, тас лақтыра бастаған. Соңы куәгерлердің айтуынша, атысқа және тіпті жарылысқа ұласқан.

Қазір Бішкекте Баткен тұрғындарын қолдаған шеру өтіп жатыр. Үкімет үйінің жанына Қырғызстанның оңтүстік аймақтарынан шыққан 500-ге жуық адам жиналды. Олар Тәжікстанға жер бермеуді және жергілікті тұрғындарды шекаралас елдер азаматтарының шабуылынан қорғауды талап етіп жатыр.

Әзірге Қырғызстан мен Тәжікстан арасында келіссөз басталған жоқ. Қырғыз президенті Садыр Жапаров «Фейсбуктегі» парақшасында мәлімдеме жариялады. Онда ол «барлық тұрғындарды, оның ішінде саяси күштер мен ақпарат құралдарын арандатуға бермей, араздық отын жақпауға» шақырды. Сондай-ақ Жапаров «тәжік бауырларымызбен тіл табысамыз, барлық мәселелерді шешеміз» деп мәлімдеді.