G7 отырысына қонақ болып барған Үндістан өкілдері оқшауланды

«Үлкен жетілік» елдері Сыртқы істер министрлерінің отырысына қатысып жатқан Үндістан делегациясы коронавирус жұқтыру қаупіне байланысты түгел оқшауланды. Себебі бұған дейін делегация өкілдерінің Сovid-19-ға тапсырған тестілерінің екеуі оң нәтиже көрсеткен.

Негізі Үндістан «Джи жетіге» мүше емес, ол осы саммитке Оңтүстік Корея, Австралия және Оңтүстік Африка Республикаларымен бірге қонақ ретінде шақырылған болатын.

Айта кетейік, осы күндері Лондонда «Үлкен жетілік» елдері Сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтіп жатыр. Бұл соңғы 2 жылдағы алғашқы офлайн басқосу. Санитарлық қауіпсіздік қатаң сақталған іс-шарада індетке қарсы тұру, вакциналарды әділ бөлу, ғаламдық жылыну мен азық-түлік мәселелері көтеріледі.