Газа секторында қақтығыстан қаза тапқандар саны артты

Таяу Шығыста қақтығыс толастар емес.

Рейтер агенттігінің хабарлауынша, Газа секторында қаза тапқандар саны 67 адамға, ал Израиль тарапынан құрбандар қатары 7 адамға жетті. Сондай-ақ еврей елінің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху әуе шабуылы кезінде «Хамас» ұйымының қолбасшысы мен 15 мүшесі өлтірілгенін мәлімдеді. Бұл ақпаратты осы ұйымның басшысы да растады.

«Хамас» Тель-Авив аумағы мен Ашдод, Ашкелон және Сдерот қалаларын зымыранмен атқылады. Сарапшылар Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Египет, Катар сияқты елдердің атысты тоқтатуға қатысты іс-әрекеттері нәтиже бермей отырғанын айтады. Ал АҚШ билігі болса, израильдіктер мен палестиналықтарды татуластыру үшін арнайы өкіл жіберетінін жеткізді.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Израиль азаматтары, соңғы күндері біздің қалаларда болып жатқан оқиғалар адам төзгісіз. Араб бүлікшілерінің синагогаларды, көліктерді талқандап, полицейлер мен бейбіт және жазықсыз азаматтарға шабуыл жасап жатқанын көріп отырмыз. Бұл анархия. Сондай-ақ еврейлердің арабтарды ұрып-соғып, өз бетімен жазалап жатқанын да қатаң айыптаймыз. Зорлық-зомбылық біздің жолымыз емес. Израильдің барлық қалаларындағы жағдайды бақылауға аламыз.

Махмұд Аббас, Палестина президенті:

- Құддыс Палестинаның жанды жері, жаны мен жүрегі. Оны толық азат етпей, ешқандай да бейбітшілік, қауіпсіздік болмайды. Құддыс - Палестинаның мәңгілік мемлекетінің астанасы. Мен АҚШ пен Израильге «жетеді енді, елімізден кетіңдер» деп, шегелеп тұрып айтқым келеді. Жеріміздегі басып алу саясатын ертең емес, бүгін тоқтатыңдар.

Айта кетейік, Таяу Шығыстағы шиеленіс өткен айда ушыға бастаған. Оған Израиль сотының Иерусалимдегі Шейх-Джарах ауданынан палестиналықтарды көшіру туралы шешімі себеп болды. Ал өткен жексенбіде еврейлер 1967 жылы соғыста Израильдің Құддыстың шығыс бөлігіне бақылау орнатуына орай дәстүрлі шеру өткізіп, отқа май құйды. Оның соңы палестиналықтардың еврей полициясымен қақтығысына ұласты.