Орман өрті, топан су: табиғаттың тосын мінезі әлем елдерін тығырыққа тіреді

Жаз басталмай жатып, әлемнің кей бөлігінде аптап ыстық орнап, тұрғындарды әбігерге салып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күн қызуынан азаматтар қорғанудың амалын іздеп әлек. Ауаның құрғақтығы сонша, оған орман алқаптары да шыдас бермей өртеніп жатыр. Ал жер бетінің басқа бір бөлігінде жұрт керісінше, топан судан зардап шегіп отыр. Тасқын бір үйді ғана емес, бүтін бір ауылды басып қалды.

Самарада бірнеше күннен бері шыжыған ыстық. Сынап бағанасы 30 градустан түсер емес. Осыған байланысты тұрғындар сая іздеп, су жанын жағалауға мәжбүр. Ал Түменде аптаптан орман өртене бастаған. Осы уақытқа дейін жалын 60 мыңдай гектар жерді шарпыпты.

Дмитрий Агеев, Кинель округі бақылау қызметі және профилактикалық жұмыс бөлімінің басшысы:

– Орман өрті өршіп, ауқымы кеңейіп кетсе, оны сөндіру өте қиын болады. Себебі орманды алқаптарға жақын орналасқан елді мекендер бар.

АҚШ-тың Калифорния штатында да жасыл желек отқа оранып жатыр. Үш күн ішінде аймақтағы 536 гектар орман тып-типыл болған. Мыңдаған кісінің қауіпсіз жерге көшуіне тура келді. Қазір қызыл жалынмен ондаған өрт сөндіруші күресіп жатыр. Бірнеше тікұшақ тартылған. Бірақ отты ауыздықтауға қатты жел мен құрғақ шөп кедергі болып тұр.

Ал Бразилияның Амазонас штаты нөсерден зардап шекті. Топан судан түгелдей су астында қалған елді мекендер де бар. Салдарынан тұрғындар қайықпен жүруге мәжбүр. Толассыз жаңбыр ұзаққа созылса, су тасқыны соңғы 100 жылда тіркелмеген деңгейге жетуі мүмкін дейді билік өкілдері.

БЛИЦ:

– Анамада төтенше жағдай жарияланды. Мұндай режим қаланы түгел су басқанда енгізіледі. Ахуал барған сайын қиындап барады. Қазір жергілікті тұрғындарға мейлінше көмектесіп жатырмыз. Азық-түлік пен отын жеткізілуде.

– Үйімнің қандай жағдайда екенін көріп тұрсыздар. Су белшеден келеді. Заттарымды қояр жер жоқ. Бір бөлігін болса да сақтап қалуға тырысып жатырмын. 

Коронавирустан көз ашпай келе жатқан Үндістан тропикалық дауыл астында қалды. Елдің батыс жағалауына жеткен «Тауктае» бірнеше адамның өмірін қиған. Ағаштар құлап, үйлер қираған. Теңізден соққан екпінді жел мен толассыз жаңбыр соңы су тасқынына ұласып, бірнеше елді мекенді су басып қалыпты. Осыған байланысты 150 мыңдай тұрғын эвакуацияланған.