БҰҰ Газадағы жағдай бойынша ресми мәлімдеме жасады

Израиль мен Палестина арасындағы қарулы қақтығыс әлі жалғасуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

 Газаның Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша еврей әскерінің әуе шабуылдарынан қаза тапқандар саны 212 адамға жетті. Құрбандар арасында 61 бала мен 36 әйел бар. Тағы 1400-ден астамы жарақат алған. Ал ХАМАС атқылаған зымырандардан 10 израильдік ажал құшқан. Бұл туралы Associated Press агенттігі хабарлады. Біріккен Ұлттар Ұйымы Газадағы жағдай бойынша ресми мәлімдеме жасады.

Стефан Дюжаррик, БҰҰ бас хатшысының ресми өкілі:

- 38 мыңнан астам палестиналық бас сауғалап, Біріккен Ұлттар Ұйымының қамқорлығындағы 48 мектепке орналастырылды. 2,5 мыңнан астам адамның үйі қирап, мүлде баспанасыз қалды. 41 білім беру орны, 2 балабақша, Біріккен Ұлттар Ұйымының палестиналық босқындарға көмек беру агенттігінің кәсіптік орталығы мен жоғары білім беру мекемесі қирады. Газаға электр жарығын беру күніне 8 сағаттан 6 сағатқа қысқарды. Денсаулық сақтау, су беру жүйелеріне, кәріз құбырларына зақым келді.

ХАМАС ұйымы да Израиль аумағына қарай қақтығыс басталғалы 3400-ге жуық зымыран атқылаған. Оның 500-і еврей әскерінің «Темір күмбез» әуе шабуылына қарсы жүйесін бұзып өткен. Ресми Тель-Авив зымырандарын атқылауды жалғастыра беретінін мәлімдеді. Сондай-ақ Түркия президенті де Израиль билігі мен Ақ үй басшысын қатаң айыптады.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Террорлық нысандарды атқылай бермекпіз. Тақауда ХАМАС ұйымының бір қолбасшысының көзін жойдық, теңіз нысанын талқандадық. Жерасты инфрақұрылымын бомбалауды жалғастырамыз. Израильдің барлық тұрғындарының қауіпсіздігі мен бейбітшілікті орнатқанша тоқтамаймыз.

Тайып Режеп Ердоған, Түркия президенті:

- Байден мырза, сіз «Армян геноциді» деп армяндарды жақтап едіңіз. Енді өкінішке қарай, жүздеген мың адамды құрбанға айналдырған Газа шабуыл жасалып жатқан кезеңде қанды қолыңызбен тарих беттерін жазып жатырсыз.