Еуроодақ саммитінде Беларусь мәселесі қаралады

Беларусьтегі жағдай бүгін жұмысын бастайтын Еуроодақ саммитінде талқыға түседі. Одаққа мүше елдер басшылары Ресеймен қарым-қатынасты, Беларуське қарсы санкция енгізу мәселесін және пандемиямен күрес шараларын қарастырады.

Еуропалық Кеңес басшысы Шарль Мишель журналист Роман Пратасевичті қамауға алуды айыптап, ресми Минскті оны босатуға шақырды. Еуроодақ басшылары осы оқиғадан кейін Беларуське қарсы санкция қабылдауды қарастырады.

Бельгия премьер-министрі Александр де Кро «Белавиа» әуе компаниясына Еуропа аймағына ұшуға тыйым салуды ұсынды. Саммиттің екінші күні пандемия мен ауа райының өзгеру мәселелері қаралады. Еуропада жазғы туристік маусым қарсаңында Одақ басшылары вакциналаудың жасыл сертификаттарын енгізу шешімін қабылдауы мүмкін. Таяу Шығыстағы жанжал мен Еуроодақ және АҚШ арасындағы саммитке дайындық шаралары да талқыланады.