Чехияда талдарды қамқорлығына алған тұрғындарға сертификат беріледі

Чехияда ерекше қайырымдылық жобасы қолға алынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған сай жергілікті тұрғындар саябақтардағы талдарды таңдап алып, өз қамқорлығына ала алады. Экологтар бұл әрекет дәстүрлі шараға айналар деген деген үмітте.

Прага тұрғыны Станислав Флактың қарауындағы бақта аққайың мен майқарағай көп. Шаһардағы саябақтарға отырғызылған көшеттер дәл осы бақтан алынады. Бірақ Флак демалушылар кей кездері орман алқабына нұқсан келтіріп кететінін айтады. Сондықтан жергілікті тұрғындар оларды қамқорлыққа алса, мәселе шешіле ме деген үмітте.

Станислав Флак, қайырымдылық шарасын ұйымдастырушы:

– Біз адамдарға қаладағы жасыл желек туралы түсіндіріп, оларды күтуге атсалысуға шақырмақпыз. Сіз ағашты қамқорлығыңызға алсаңыз, жауапкершілікті сезініп, оған бар көңіліңізді бөлесіз. Шараның алғашқы күні 362 адам ұсынымызды қабыл алды. Жоба аяғына шейін Прагадағы әр бұта өз қожайынын табады деген үміттеміз.

Талды қамқорлығына алған әр азаматқа арнайы мерзімсіз сертификат табысталады. Бұл оларға қажет болса эколог мамандарды да шақыруға мүмкіндік береді. Тек адамдар саябақтағы ағашты қазып алып, үйінің қасына отырғызуына болмайды. Бұл үшін өзге бағдарлама бар.

Иван Христина, қайырымдылық шарасын ұйымдастырушы:

– Біздің қарауымызда 23 тал бар. Олардың көбін өзім отырғыздым. Мұндай жасыл желек үшін сен балаларың алдында да жауаптысың. Себебі осы әсем табиғатты келер ұрпаққа бүлдірмей жеткізуің керек деп ойлаймын. 

Прага әкімшілігі алдағы 8 жылда шаһарда миллион көшет отырғызуды көздеп отыр. Және қараусыз тұрған ағаштардың көбін тұрғындардың қамқорлығына беруге үмітті. Әзірге бірегей шара тек Прагада өтуде. Бірақ мауысымның ортасынынан бастап елдің өзге де қалаларында қолға алынбақ.

Дәурен Ақашұлы, Александр Грэс, Дмитрий Лукша, Павел Невид

Сондай-ақ...