426,61 518.00 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Израильде 12 жыл билік жүргізген Биньямин Нетаньяху отставкаға кетеді

  • 79
  • UPD: 22:34, 09.06.2021

Ұзаққа созылған келіссөзден кейін Израильде жаңа үкімет құрамы жасақталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оны кезінде қорғаныс министрі болған Нафтали Беннет басқарады. Елде 12 жыл билік жүргізген Биньямин Нетаньяху отставкаға кетеді.

Жергілікті ақпарат құралдары елдегі саяси ахуалды Нетаньяху дәуірінің соңы деп атап отыр. Соңғы сайлауда премьер-министрдің партиясы ең көп дауыс жинағанмен, үкімет құра алмады. Өйткені мүлдем одақтасы қалған жоқ. Биньямин Нетаньяхудің өзі сайлау бұрмаланған деп санайды.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Ел тарихында, тіпті кез келген демократия тарихында бұрын-соңды болмаған сайлау нәтижелерінің бұрмалануына куә болдық. Біз бұған ұқсас оқиғаны табуға тырыстық. Барлық деректі ақтарып шыққан зерттеушілеріміз бар, бірақ олар түк таппады.

Алайда сайлау бұрмаланғаны жөнінде еш дәлел жоқ. Әйтпесе, соттарға талай шағым түсер еді. Премьер-министрдің бақталастары бас біріктіріп, үкімет жасақтады. 12 жыл бойы елді басқарған Нетаньяхудің саяси қарсыласы көп. Дегенмен, олар да қазіргі басшының еңбегі мен жетістіктерін мойындайды.

Нафтали Беннет, Израильдің премьер-министрі лауазымына үміткер:

- Нетаньяху мырза, артыңызда қурап қалған дала қалдырмаңыз. Барлығымыз бүкіл халық болып, қызметіңізді атқарған кезде жасаған талай жақсы істеріңізді есте қалдырғымыз келеді. Жеке өзіме келсек, сізді бұрынғыша сыйлай беремін.

Бірақ жаңа үкіметтің болашағы да екіталай. Нетаньяху құра алмағаннан кейін министрлер кабинетін құру мандаты оның басты бәсекелесі, «Еш Атид» партиясының жетекшісі Яир Лапидке бұйырды. Үш аптаға созылған күрделі келіссөздерден кейін ол үкімет жасақталғанын президентке баяндады. Алайда оны Нафтали Беннет басқарады. Тек осы шарт орындалған жағдайда ол коалицияға кіруге келісті. Бұл коалициялық жүйенің бір ерекшелігі. Елдегі ең жоғары лауазымға сайлауда шамамен 5% дауыс жинаған кісі ие болды.

Яир Лапид, «Еш Атид» партиясының төрағасы:

- Биньямин Нетаньяхудің жақтастарына сөз арнағым келеді. Бірлік үкіметінің құрылуы сізге ауыр тигенін білемін. Бірақ бұл кабинет сізге қарсы құрылмағанын білуіңіз керек. Ол сіздің мүддеңізге, бүкіл қоғамның игілігіне жұмыс істейді.

Алайда жаңа үкімет қанша уақыт өз қызметін атқара алады? Коалициялық келісімде қайшылық жетіп жатыр. Оған кірген саяси күштер арасында да сенімсіздік бар. Екі жылдан кейін Беннет премьер лауазымын Лапидке тапсыруы тиіс. Заң бойынша министрлер кабинеті 4 жылға құрылады. Алайда ел тарихында ешбір үкімет мерзімінің соңына дейін отыра алған жоқ.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы