Германияның Бавария аймағында мектеп түлектеріне вакцина салынады

Өткен аптада Испанияның Майорка аралында жастар оқу жылының аяқталуын атап өтпек болып бірнеше күн қатарынан көңіл көтеру кешін ұйымдастырған. Алайда көп ұзамай сол шарада болған 800-ден астам адамнан коронавирус анықталды. 3 мыңға жуық азамат ПТР тесттің теріс нәтижесіне қарамастан  карантинге қамалды. Барлығы аймақтағы қонақүйлерде оқшауланды.

Жергілікті билік жастардың жаппай қыдыруы қауіпті екенін тым кеш түсінгенін мойындап отыр. Қазір ауру аралдың 8 ауданында өршіп кеткен. Мамандар әр төртінші науқаста дельта штамы анықталғанын айтады. Енді Испания билігі Біріккен Корольдік пен Балеар аралдарынан келгендердің барлығынан екпе қабылдауды талап етіп отыр. Бұл аймақтарда вирустың дельта штамы кең етек жайған.

Патрисия Гомес Пикард, Балеар аралдарының денсаулық сақтау министрі:

- Студенттердің саяхаты мен жаппай қыдыруына үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Биыл біз үшін өте ауыр жыл болды. Аралда 845 адам қауіпті індеттен көз жұмды. Одан бөлек әлеуметтік, медициналық және экономикалық тұрғыдан зардап шектік. Сондықтан тұрғындарды ақыл тоқтап, қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырамыз.

Вирустың дельта түрі Израильде де жайылып барады. Таяуда ғана бұл ел пандемияны жеңдік деп жер-жаһанға жар салған еді. Енді елдің жаңа сайланған премьер-министрі жас буын өкілдерін дереу вакцина қабылдауға шақырып, жабық ғимараттарда бетперде кию режимін күшейтті. Мәселен, бір күннің ішінде вирус жұқтырған 145 науқас тіркелді. Бүгінде Израиль халқының 85 проценті вакцина қабылдаған. Енді мамандар 12 мен 15 жас аралығындағы жастарға да екпе егу керек деген талап қойып отыр.

Арнон Шахар, дәрігер:

- Израильде індетті жаңа толқыны өршіп тұр. Әлем елдерінде жиі кездесіп жатқан дельта штамы бізде де табылды. Өзге мемлекеттерге қарағанада бізде вакцина қабылдаған тұрғындардың саны көп. Десе де, індет 12 жастан асқандарда да кездесіп жатыр. Сондықтан 12 мен 15 жас аралығындағы жас өспірімдерге екпе егу мәселесі өзекті болып тұр.

Грекия билігі жастарды екпе салдыруға ынталандыру үшін ерекше әдіс ойлап тапты. Шілденің 15-інен бастап коронавирусқа қарсы екпенің бірінші компонентін қабылдаған 26 жасқа дейінгі тұрғындарға шотында 150 еуросы бар карта табысталады. Бұл туралы премьер-министрі хабарлады. Жоспар бойынша ақшалай сыйлыққа ие 18 бен 25 жас аралығындағы 940 мың адам егілу керек. Осылайша үкімет бір жағынан вакциналау шарасын бір ізге қойып, екінші жағынан туризмнің тамырына қан жүгіртпек. Бөлінген қаржыны жастар жазғы демалыс кезінде мәдени іс-шараларға жұмсай алады.  

Кириакос Мицотакис, Грекия премьер-министрі: 

- Бүгіннен бастап вирусқа қарсы вакцинаның бірінші дозасын алған кез келген жас буын өкіліне 150 еуро сыйақы беріледі. Бұл ақшаны пойыздың билетіне, қонақүйге, мәдени іс-шараларға немесе театр, мұражайға бару үшін жұмсай алады. Бұл қоғамның саулығы үшін атсалысқан жастарға үкімет тарапынан көрсетілген ризашылық деп қабылдаңыздар.

Германияның Бавария өңірінде шілде айынан бастап мектеп бітірген түлектерге екпе егу жоспарланып отыр. Осылайша қыркүйек айының соңына дейін  елдің 18 жастан асқан тұрғындарының 85 проценті вакцина қабылдауы тиіс. Әзірге жергілікті билік халықты саяхатқа шықпауға шақырып отыр. Мәселен, Германияның өзінде ғана емес, көрші елдерде де дельта штамын жұқтырған жастардың қарасы қалыңдап барады.

Штеффен Зайберт, Германия үкіметінің ресми өкілі: 

- Ұлыбритания, Португалия және Еуроодақтың басқа да елдерінде дельта штамның тез тарап бара жатқанын байқап отырмыз. Сондықтан індет құтырып тұрған өңірлерге саяхаттамауға шақырамыз. Қауіпті елдерден келгендер міндетті түрде екі апта карантинде отырулары тиіс.

Бельгияда коронавирустың дельта штамы көбінесе жастар арасында тез тарауда. Левен Университетіндегі биостатистика орталығының маманы осылай дейді. Айтуынша, ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы үшін жастар вакциналау науқанына белсене атсалысуы керек.