Бельгияда толассыз жаңбыр мен су тасқынынан 20-дан астам адам көз жұмды

Бельгияда толассыз жауған жаңбыр мен су тасқынынан 20-дан астам адам қайтыс болып, тағы ондаған тұрғын із-түзсіз жоғалып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пепенстер шаһарында селдетіп аққан тасқын көліктерді ағызып, ондаған үйді тас-талқан еткен. Жалпы табиғат апатынан Бельгияда 40 мың тұрғын жарықсыз қалған.

Филипп Годен, Пепенстер қаласының мэрі:

- Қалада судың деңгейі 2,5 метрге дейін көтеріліп, тасқын бірнеше сағат бойы жүрді. Ағын су жолындағының бәрін тас-талқан етті. Бірде-бір бүлінбеген үй қалмады. Дүкендер жұмыс істемейді. Мұндай апатты ешқашан көрген емеспіз.

Шелектеп құйған жауыннан Голландия да қатты зардап шекті. Табиғи апаттан Лимбург провинциясында төтенше жағдай жарияланған. Су тасқынына байланысты Венло қаласының тұрғындары жартылай эвакуацияланды. Қазір апат аудандарында тасқын салдарымен күрес жүріп жатыр.