Қазақтың ұлттық ас үйі Париж тұрғындарын тәнті қылуда

Франция астанасында қазақ шеф-аспазы басшылық ететін мейрамхана жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді бұл шаһарда Шымкент тумалары «Дөңгелекті қазақ ас үйі» атты жаңа жоба бастады.

Ернат Мелсұлы, тілші:

- Мына көлік Франциядағы қазақ диаспорасының рухын көтеріп жіберді. Мәселе жалпы тамақта емес, ұлттық тағамда. Көліктегі ас үй пайда болған соң Шатийон-Монруж станциясына жергілікті қазақтар ағыла бастады. Бұған бастамашылар таң-тамаша болды. Себебі олар негізі француздарға сенім артып еді. Мәзірдегі сөздерді де соларға лайықтады. «Номад», «Дала», «Жібек жолы» атаулары жұрт назарын аудара білді.

Алина Ражева, «Delices Des Steppes» компаниясының қосалқы негізін салушысы:

- Біреулер түсінбей жүр. Бұлар кімдер, қайдан келді деп. Қазақстанды көбі біледі. Көліктегілер де тоқтай қалып, «не сатып жатырсыздар» деп сұрайды. Оларға өте қызық. Велосипедпен кетіп бара жатқан бір әйел қайтып келіп, «мәнті дәмді болды, тағы келемін» деді.

Мәдина Құлманова, «Delices Des Steppes» компаниясының қосалқы негізін салушысы:

- Қазақстанды таныту да біздің бастапқы мақсатымыз болатын. Бірақ қандастарымыздың тарапынан үлкен қолдау болады деп күткен жоқпыз. Француздар сұрақты қарша боратып жатыр. Уақыт тауып, қысқа да нұсқа түсіндіруге тырысамыз. Әрине, мәдени тұрғыда еліміз үшін бұл күшті жарнама.

Жобаны дайындауға бір жыл кеткен. Індетке байланысты рұқсат алу мерзімі ұзаққа созылған. Сапалы ет табу да қиын болған. Жоба авторлары өнімдерді жарты жыл бойы зерттеген. Қазір бұл орын аптасына 5 күн жұмыс істейді. Париждің айналасын аралау да ойда бар.

Джонатан Дассен, әнші:

- Мен үшін бұл керемет идея. Француздар бұл ас үй туралы түк білмейді. Енді оларға, мысалы, қазақша самса қалай жасалатынын көрсету керек. Жобаға сәттілік тілеймін.

Неждет Тунжер, Қазақ диаспорасының өкілі:

- «Фейсбукта» біреу айтқанда мен сенбегенімін. Қазір көзіммен көріп, Құдайға мың шүкір айтып тұрмын. Қазақтың ұлттық тағамынан дәм алып, үйдегі бала-шағамызға көрсетеміз. Біз өзі қазақпыз. Дүниенің қай жерінде болсақ та, қан тартып тұрады. Құдайға мың шүкір. Тегінде қазақты ешкім танымайтын. Қазір қазақпыз деп аузымызды толтырып сөйлейміз. Бұған қуанамыз.

Жоба авторлары алдағы уақытта келушілерге қазы мен құрттың дәмін татыруды жоспарлап отыр. 

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Әлия Сыздықова

Сондай-ақ...