Ауғанстанның АҚШ-та сақталған резервтері уақытша бұғатталды

Ақ үй әкімшілігі Ауғанстан орталық банкінің резервтерін уақытша бұғаттап тастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар АҚШ-тың Федералдық қор жүйесі және америкалық қаржы ұйымдарымен басқарылып келген. Осылайша енді тәліптер қорды пайдалана алмайды. Сәуірдегі мәлімет бойынша, Ауғанстан орталық банкінің резервтері 9,5 миллиард долларға жуықтаған. Оның көбі қазір Ауғанстаннан тыс жерде екен. Біраз қор АҚШ-та сақталған. Бұған дейін Ақ үй әкімшілігі Ауғанстанға ірі көлемде доллар жеткізуді де тоқтатты. Германия тарапы да тәліптер билікті басып алса, мемлекетке қаржылай көмек көрсетуін доғаратынын ескерткен еді. Негізі немістер ресми Кабулға жыл сайын 430 миллион еуро бөліп отырыпты.