Түркия Иранмен шекарадағы қорған құрылысын тездетуге кірісті

Ауған босқындары Пәкістан, Иран арқылы Түркия мен Кәрі құрлыққа бет алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыдан кейін Анкара Иранмен арадағы шекарада бұған дейін басталған қорғанның құрылысын тездетуге кірісті. Себебі Жерорта теңізінің жағалауы соңғы 10 жылдан бері сириялық босқындарға мекен болған. Енді Түркия көштің жаңа толқынына қаншалықты дайын? Түрік жұрты не дейді?

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түркия президенті Иранмен арадағы шекараға ұзындығы 300 шақырымдық қорған тұрғызып жатыр. Биіктігі 3 метр. Қазір құрылыстың тең жартысы аяқталған.

Тәліптер Кабулға кірмей жатып-ақ Түркияға бет алғандар бар. Апаталап, ай бойы арып-ашып жеткен мигранттар тәртіп сақшыларының көзіне түсіп қалмау үшін түрлы айла-шарғыға барады.

Мехмет Эмин Билмез, Ван провинциясының губернаторы:

- Мұндай жағдайларда қандай шара қолдансаңыз да, жалтарып шығатындар табылады. Күннің қолайсыздығын пайдаланып, яғни, жауын-шашын, тұманды күндері шекарадан өтіп кеткендер бар.

Насир Ахмад, ауғанстандық босқын:

- Біздің сапарға шыққанымызға екі жарым ай болды, енді жеттім. Бүгін таңертең ұрылар телефонымыз бен 850 түрік лирасын (100 доллар) ұрлап кетті. Көптеген проблемалар бар. Үкімет бізге назар аударса екен. Ауғандықтарға рақымшылық жасаса дейміз. Ауғанстанда соғыс жүріп жатыр. Тәліптер басып алған. Біз онда өмір сүре алмаймыз.

Феруз Седдихи, ауғанстандық босқын:

- Амалсыздан келдік. Тәліптер елімізге шабуыл жасады. Енді елді олар басқарады. Түрік үкіметі бізді қабылдайды деп үміттенеміз.

Түркия Ауғанстанмен әуе қатынастарын тоқтатқан. Тек қана эвакуациялық сапарларға жүргізіледі. Ал шекарадағы қауіпсіздік сақшылары ұстаған ауған босқындары уақытша миграциялық орталықтарға орналастырылған.

Рамазан Сечилмич, Көші-қон басқармасы директорының орынбасары:

- Ауғанстандағы ахуал бәрімізге белгілі. Елдегі барлық халықаралық рейстер тоқтатылған. Осыған байланысты бірқатар мемлекеттер депортациялық жұмыстарын уақытша шегерді. Біз де елге заңсыз келген азаматтарды ішке кіргізе алмай отырмыз.

Көші-қон орталығына уақытша орналастырылғандардың бірі – Морсал Музави. Оның айтуынша, мұнда жетіскеннен келмеген.

Морсал Музави, ауған босқын:

- Барлығын тастап, осында келуге мәжбүр болдық. Олар әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетті, өлтірді. Ерлердің басын алады. Онда оралғымыз келмейді. Осында көмек берсін. Біз бұл жерден кетпейміз.

Түркияда 4 миллионнан астам сириялық босқын бар. Елдегі оппозициялық партиялар «шекара – ар-намыс» деп ұрандатып, босқындардың бұдан әрі көбеюіне қарсы болып отыр. Әлеуметтік желілерде Ираннан Түркияға келгендердің де сүреттері тарап кеткен. Кейбір БАҚ Иранмен арадағы шекарадан күн сайын мыңға жуық мигрант өтіп жатқанын хабарлайды. Бірақ мұны ел президенті жоққа шығарды.

Режеп тайып Ердоған, Түркия Республикасының президенті:

- Ауғанстаннан Түркияға 1,5 млн заңсыз босқын кірді деген мәлімдеме бос сөз. Оппозицияның көрсеткен статистикасы жалған. Ауғанстаннан Түркияға мұндай көші-қон болған жоқ. Кеше де айттым. Түркияда қазір заңды және құжатсыз 300 мыңға жуық ауғандық босқын бар.

Мамандардың айтуынша, тәліптер Кабулға кіргеннен кейін елінен қашқан босқындар түрік шекарасына 3-4 аптада жетеді. Сондықтан мәселе көбеймесе азаятын түрі жоқ. Ал егер «Талибан» қозғалысы рақымшылық жариялап, инклюзивті үкімет құрса, елден қашқандардың қатары сиреуі де мүмкін.

Авторы: Меруерт Қанағат