Израиль Газа секторына әуеден соққы жасады

Таяу Шығыста тағы да атыс. Израиль армиясы Газа аймағына әуеден соққы жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Рейтер агенттігінің хабарлауынша, бұған дейін Газа секторынан Израильге жанғыш заттар толтырылған шарлар ұшырылыпты. Соған жауап ретінде бүгін әуе күштері ХАМАС тобының қару-жарақ шеберханаларын атқылаған. Тараптар бірнеше күн бұрын да шабуылдармен алмасқан болатын. Салдарынан 41 палестиналық қаза тапты.

Жалпы, Израиль әскері келтірген мәліметке сәйкес, Палестина «жанатын шарларды» жаз бойы ұшырып келеді. Өз кезегінде палестиналықтар мұндай шабуыл Израильдің Газаға қатысты шектеулерін әлсірету үшін жасалғанын айтады. Екі тарап мамыр айында атысты тоқтату туралы келісімге келген болатын.